АРЫСТЫҚ 75 БАЛА АЛМАТЫДАҒЫ «ӨРНЕК» ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНДЕ ДЕМАЛУДА

174

Арыстан келген 75 бала Алматыдағы «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде демалады, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматылықтар Арыстық оқушыларды «Вокзал-2» бекетінде сән-салтанатпен қарсы алды. Әр оқушыға естелік сыйлықтар таратылды. Цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов отбасымен өнер көрсетті. Аниматорлық көрініс пен колледж студенттері әзірлеген «Арыс, Біз біргеміз!» атты флэшмобы балалардың көңілін көтерді.

«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шілденің 12-нен тамыздың 3-не дейін арыстық балалар қала сыртындағы  «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде тынығады. Арнайы бағдарламаға сәйкес оқушылар қаланың  көрікті жерлерін аралайды. Сондай-ақ, психологтар әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Қажет болса киіммен де қамтамасыз етеміз. Бүгін оқушылардың алғашқы легі келді. Жалпы, 150 бала демалады. Қалған 75 оқушы тамызда келеді. Бұл шараны ұйымдастыруға қалалық әкімдік 10 млн. теңге бөлді», — деді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова.

Сонымен қатар, бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram желісінде жазба жариялады.

«Арыстан келген балдырғандарды қарсы алдық. Балаларды вокзалдан тікелей демалу және күш жинау үшін «Өрнек» жазғы сауықтыру лагеріне жеткіздік» — деді әкім.