МАҚТААРАЛДЫҚТАР АРЫСТА ӨТКЕН ЖӘРМЕҢКЕГЕ 9 ТОННА ӨНІМ АЛЫП БАРДЫ

61

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Арзан бағамен сатылып жатқан өнімдер арыстықтарға елеулі көмек болып тұр. Бұл туралы Арыс қаласының 8-ші секторына жауапты Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков хабарлады, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Бұл жәрмеңкеге мақталы Мақтаарал ауданының шаруалары да белсенді атсалысып, 9 тонна өнім ұсынған. Ауыл шаруашылығы өнімдері Арыс қаласының тұрғындарына базар нарқынан 30%-ға төмен бағада сатылымға түсіпті.

«Мақтааралдықтар жәрмеңкеге 9 тонна өнім алып келді. Атап айтқанда, 0,8 тонна қауын, 2 тонна қарбыз, 2 тонна картоп, 1,5 тонна пияз, 0,8 тонна қырыққабат, 1 тонна қызылша, 0,9 тонна сәбіз өнімдері базардағы нарықтан арзан бағада сатылып жатыр. Барлығы да өзімізден шыққан экологиялық таза өнімдер» — деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, мақтааралдық шаруалардың сапалы өнімдеріне Арыс қаласының тұрғындарының сұранысы жоғары екен. Өйткені, сатып алушылардың қарасы көп болып, аз уақыт ішінде өнімдердің басым бөлігі сатылып кеткен.

Айта кетейік, Арыстық тұрғындарға арналған жәрмеңкеге арнайы Төлеби ауданынан өнерпаздар қатысып, өз концерттік бағдарламаларын көрсетті.