ШЫМКЕНТТЕГІ ӘУЕЖАЙДЫҢ ТЕРМИНАЛЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

88

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, онда ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполисті дамыту бойынша қойған стартегиялық міндеттердің орындалу барысымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының іске асырылуымен танысты, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Асқар Мамин металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.

Келген бетте Асқар Мамин Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары а.ж. шілде айында басталған, 2020 жылы мамыр айында аяқталады. Қала әкімдігінің мәліметтерінше, сыйымдылығы сағатына 400 жолаушы болатын терминалды пайдалануға беру жолаушылар ағымын 10 есе арттырады.

Еске салсақ, таяуда Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды.

«Шымкент қаласын 2023 жылға дейін кешенді дамыту жоспары Елбасымыздың 2019 жылғы 29 қыркүйектегі Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытуға қатысты кеңесте берген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Кешенді жоспар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 2019 жылдың 29 сәуірінде Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты. Жоспар 10 бағыттан және 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді. Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі немесе 65% жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады», — деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Әкімнің айтуынша, республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд теңге және 68 млрд теңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтылмақ.