ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АРЫСҚА АПТА САЙЫН КЕЛІП, ЖҰМЫСТЫ ТЕКСЕРІП ТҰРАТЫНЫН АЙТТЫ

161

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласындағы 300 орындық мектепке барды, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Үкімет басшысы бас сұққан білім ошағы 300 балаға шақталған. Аумағы 2,5 гектарды алып жатқан мектепте 115 адам жұмыс істейді. Оның 42-сі кіші персоналға жатады. Премьер-Министрге білім ошағының қыста дизельмен жылытылатыны айтылды.

Сондай-ақ, Асқар Мамин «Көктем-2» шағын ауданындағы 3 көпқабатты үйді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Былтыр ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген үшқабатты үйлерден 108 пәтер жарылыс кезінде бүлінген болатын. Жөндеу жұмыстарына Павлодар облысынан келген 100 жұмысшы тартылған.

Айта кетерлігі, Арыс қаласында жұмыс сапарымен жүрген Премьер-Министр Асқар Мамин апта сайын келіп, жөндеу жұмыстарын тексеріп тұратынын айтты.

Үкімет басшысы Жамбыл облысының штабына берілген тұрғын секторында болып, халықпен кездесті. Бұл жерде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев халыққа қаланың әскери снаряд қалдықтарынан түгел тазартылатынын айтты.

«Көріп отырсыздар, бір айдың ішінде барлық жұмыс бітеді деген сенім бар. Апта сайын келіп, тексеріп тұрамыз», — деді Премьер-Министр.

Айта кетсек, бүгінге дейін Арыста 551 үй қалпына келтірілген. Түркістан облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимовтың айтуынша, жарылыс кезінде зардап шеккен 65 адам ауруханадан шықты.