ШЫМКЕНТТЕ «АСЫЛ МИРАС» АУТИЗМ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

69

Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен Болат Өтемұратов қорының «Асыл мирас» аутизм орталығы ашылды, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

– Көптеген ата-ана осындай орталықтың қажеттігін айтқан болатын. Сол өтініштерді негізге ала отырып, дертке шалдыққан балаларды емдеу орнын қаланың орталығынан ашуды дұрыс санадық, — деді қала әкімі.

   

Болат Өтемұратов атындағы қордың директоры Марат Айтмағанбетовтың айтуынша, бұл — елімізде жетінші қалада ашылып отырған орталық. 2015 жылдан бері орталықтарға 8 мыңнан астам аутизмге шалдыққан бала қаралған. 2 мыңнан астамы тиімді бағдарламаларды толық аяқтап, ем қонған. Қазіргі таңда орталықтарға ем алуға жеті мыңнан астамы кезекке тұр.

   

Шымкентте ашылған жаңа орталықтың 6 бөлмесі балаларды дамыту және түзету құрал-жабдықтармен қамтылған. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов орталықты аралап көріп, науқас балалардың ата-аналарымен тілдесті. Орталық басшысымен әңгіме барысында ата-аналарға да психологиялық қолдау қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, Шымкентте 4000-ға жуық балаға аутизм диагнозы қойылған. Орталықтың мекенжайы: Дулати көшесі, 36.