КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ – ТУРИСТЕР ЖИІ ТОҚТАЙТЫН НЫСАН

5315

«…Күлтөбенің басында күнде жиын» дегенді естіп өстік қой. Тіліміздегі тұрақты тіркеске айналған бұл сөз сонау «Ақтабан шұбырынды…» заманында шыққан. Сол кезде қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Мәртөбе мен Күлтөбенің басына жиналып кеңес құрған. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл  кезең 1684 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді екен. Енді «Күлтөбе қай жерде?» деген сұраққа келсек, Мәртөбе оңтүстік өңірдегі Сайрам қаласының маңында, ал Күлтөбе Тәшкен іргесіндегі Піскент ауданының аумағында,  Ангрен өзенінің жағасында. Тарихи деректер осылай дейді.

Біздің айтайын дегеніміз, Түркiстан қаласындағы Күлтөбе қалашығы жөнінде. Күлтөбе – елiмiздегi көне қалалардың бiрi, қазіргі Түркістан қаласының ескі орны. Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қашықтықта орналасқан. Биіктігі 9 метр, аумағы 150х120 метр ауқымды төбешік.

Ол жерге алғаш рет 1972 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлдi. Күлтөбеден 7-8 ғасырларда пайдаланылған Отырар зергерлерiнiң теңгелерi мен қыш ыдыстары табылып, сол жәдiгерлер туралы ғана ақпарат берiлдi. Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң оңтүстiк бөлiгiне зерттеу жүргiзу керектiгiн айтты. Сөйтiп, 1981-1984 жылдары Түркiстан археологиялық отряды қазба жұмыстарын қолға алды.

Соның нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталды. Белгiленген аймақтар алты метрге дейiн қазылып, одан сайын тереңдей түстi. 23 қыш ыдыстың сынығы табылды. Бiрақ, олар толық зерттелген жоқ. Археологтардың болжауынша, бұл ыдыстар 4-5 ғасырларда кеңiнен қолданылған.

Зерттеуші Едiлбай Көшербайдың мәліметінше, қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еденiнде балқыма дағы бар екен. Балқыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзеңгi, төменгi жағынан төрт қырлы сырғалығы бар белдiк, белдiктiң күмiс қапсырмасы және жалғыз шығыршықты темiр ауыздық шықты. Мұндай заттарды Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы жылқы көмiлген қабiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны 6-7 ғасырлардың аяғына жатқызды.

Қазба жұмыстары жүргiзiлген 6 құрылыс белдеуiнен 13-ғасырдың аяғы мен 14-ғасырдың бiрiншi жартысында қолданылған шағатайлық теңгелердiң қоймасын да кездестiруге болады. Олар әшекей бұйымдар  салынған ыдыс сынығынан алынды. Тарихшылар осы 14-ғасырда Күлтөбедегi бекiнiс қиратылып жойылғанын, оның бүкiл аумағы зиратқа айналғанын айтады.

Қазіргі қазба жұмыстарына тоқталайық. 2017 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша археологиялық қазба жұмыстарын «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» жүргізуде. Күлтөбе қалашығының төбесі уақытша жабынмен қорғалды. Күлтөбе қалашығындағы ғылыми-зерттеу және реставрация жұмыстары ескерткіштің барлық тарихи кезеңдерін анықтап, нәтижесінде қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыруға бағытталған.

Мына қызықты қараңыз. 1982 жылы Яссы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың  басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхем мен фельстерден тұратын көмбе табылған. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Қашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері бар. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын көрсетеді. Бұл – өңірде сармат мәдениетінің тараған кезі. Сармат заманына тиесілі дүниелер өте көп. Осы жерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде, сармат тайпалары заманында қолданылған заттар мен белгілер табылған.

Елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық осы Күлтөбе қалашығының келешегіне алаңдап, оның мәселесін БАҚ алаңында шырылдап айтып жүрген ұлтжанды азаматтың бірі. Ол  бұл мекеннің туризмнің ордасы һәм тарихи тұғыры биік болуы керектігін айтады.

– Бұл жер – туристердің сүйікті жері. Олар бұл жерде 1-2 сағатқа тоқтайды. Жақында голландиялықтар болды, олар тіпті кеткілері келмеді. Қазір сәулетшілерден туристер үшін арнайы жаяу жүргіншілер жолын әзірлеуді сұрап отырмыз. Олар кейбір детальдерді қарау үшін, кей жерлерде биікке көтерілулері немесе төмен түсулері керек болады. Жаяу жүргіншілер жолы екі деңгейлі болуы мүмкін еді. Бірақ бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Ас үй керамикасының қалдықтары табылған шаруашылық шұңқыры сақталған. Жергілікті тұрғындар қоқыстан, иіс шығып, құрт-құмырсқа болмас үшін, оны ұдайы күлмен дезинфекциялап отырған. Тұрғын үй-жайлар шағын, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс – хум тұрған шеңбер болған. Бұнда ғимаратқа қызмет көрсететін адамдар тұрған. 21-22 ғасыр өтсе де тұрған кірпіштер сақталған. Төбе ернеулері төбе болғанын көрсетеді. Кейбір өтпе жолдарды ашқан жоқпыз. Реставраторлар солай қалдыруды сұрады. Қорған қандай қызмет атқарды дегенге келсек, бұның тұрғын үй емес ғимарат болғандығын сенімді түрде айтуға болады, тұрмыстық ыдыстар онша көп емес, белгілі бір ошақтар да жоқ. Дұрысы, бұл әкімшілік ғимарат болған сияқты, – дейді өлкетанушы.

Десе де, Түркістан шаһары облыс орталығы болғалы бері өзгеше түрленіп келе жатыр ғой. Жаңа жобалар ретімен іске асар. Мына жаңалық та жан жадыратарлықтай. Осыған дейін Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге атаулар беріліпті. Енді алдағы кезде Түркістанда Күлтөбе атты жаңа көше пайда болмақ. Бұның өзі Күлтөбе қалашығының мәртебесін асыра түсетіндей. Сонымен қатар, облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан және өзге де көшелер беріледі.

Мамандар Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары екенін айтады. Өткен жылы 1 млн 190 мыңнан астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда, ол үшін қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салынбақ. Әсте-әсте жүзеге аса жатар.

Бәріңіз білесіздер. 2018 жылғы қыркүйекте Елбасы Түркістан қаласына арнайы іссапармен келген еді. Сонда Мемлекет басшысына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды.

Жоспарға сәйкес, бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылмақ. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтіріледі. Бұл елеулі жаңалық. Түркістанның дамуына Елбасының өзі тікелей назар аударып, көңіл бөліп отыр. Демек, Күлтөбенің қайта түлейтін кезі келгендей.

Жәмила ҚАЛИЕВА