Шымкентке чемпиондар келе жатыр: Көркем гимнастикадан Әлия Юсупова атындағы турнир өтеді

533
Шымкентке көркем гимнастиканың шоқжұлдыздары келе жатыр. 6 маусым күні Шымқалада Әлия Юсупова атындағы халықаралық турнир басталады. Сегіз мемлекеттен жүзге жуық спортшының басын қосатын додаға Олимпиада және әлем чемпиондары қонақ болмақшы. 
Турнирдің салтанатты түрде ашылу рәсімі және Гала-концерт 6 маусым күні сағат 19:00-ге жоспарланған. Қазақ көркем гимнастикасының жұлдызы Әлия Юсупова атындағы турнирде биыл сегіз ел спортшылары бақ сынайды.
Атап айтар болсақ, Шымкент төрінде Әзірбайжан, Беларусь, Израиль, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Қазақстан гимнастары Юсупованың жүлдесі үшін таласпақ.
«ГИМНАСТАР ТӨРТ ЖАС КАТЕГОРИЯСЫ БОЙЫНША СЫНҒА ТҮСЕДІ. ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА 17 СПОРТШЫ БАҚ СЫНАЙДЫ ДЕП КҮТІЛУДЕ. ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫ САПЫНАН РОЗА АБИТОВА МЕН ДАЯНА ӘБДІРБЕКОВА ӨЗ ӨНЕРЛЕРІН ПАШ ЕТЕДІ. АЛ ТУРНИРГЕ ТӨРЕЛІК ЕТУГЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЗЫЛАР ШАҚЫРЫЛЫП ОТЫР. НАҚТЫЛАЙ ТҮСЕР БОЛСАМ, ӘЛЕМ, АЗИЯ ЧЕМПИОНАТТАРЫ МЕН ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА ТӨРЕЛІК ЕТКЕН ЖЕНЯ МОРГОВСКИ, АНАСТАСИЯ ПРОСОЛОВА, НАТАЛЬЯ РЕНТЕЛЬ СЫНДЫ  МАМАНДАР СПОРТШЫЛАРДЫҢ АЯҚ АЛЫСЫН БАҚЫЛАЙДЫ», — ДЕЙДІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӨРКЕМ ГИМНАСТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ МУСЛИМ ШАНАЗАРОВ.
Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Олимпиада және әлем чемпионаттарында топ жарған спортшылар көп.
Лондон және Рио Олимпиадасының чемпионы, ресейлік Анастасия Близнюк Юсупова турнирінде қонақ болады. Сондай-ақ, Близнюк гала-концертте өнер көрсетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, әлемнің он дүркін чемпионы Ольга Капранова, төрт дүркін әлем және Еуропа чемпионы Дарья Кондаковалар жас гимнастарға ақ жол тілейді.

Көркем гимнастикадан Әлия Юсупова атындағы халықаралық турнир 5-9 маусым аралығында Шымкентте өтетінін еске саламыз.

Әлия Юсупова көркем гимнастикадан Азияның абсолютті чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы. 2004 жылғы Афины Олимпиадасында 4-ші, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында 5-ші орын иеленген. Бүгінде Әлия ханым көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.

Olympic.kz