ТМД елдеріне Шымкенттің жаңа жобалары таныстырылды

207

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ашхабадта өткен ТМД-ға мүше елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумына қатысып, «Достастықтың мәдени астанасы 2020» бағдарламасымен таныстырды.

Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануы үлкен мәртебе екенін айрықша айтқан Ғабидолла Әбдірахымов шаһар жыл бойы ауқымды мәдени бағдарламалар мен кездесулер өтетін алып алаңға айналатынын жеткізді. Сонымен қатар ол қала аумағында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Әкімнің сөзінше, Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды. Жобаның инвестициялық құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа терминалдың іске қосылуы нәтижесінде әуежайдағы жолаушылар ағымы 10 есеге артатын болады. Сонымен қатар, қаладағы теміржол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдайтын болады.

«Шымкентте 3 мың орындық заманауи «Конгресс-орталық» салу мен 20 мың орындық орталық стадионды қайта жаңғырту жоспарлануда. 2200 жылдық тарихы бар шаһарда «Ескі қалашық — Цитадельді» қайта жаңарту мен «Қошқар-ата» өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. «Цитадель» — Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан тек мегаполистің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын туристік брендіне айналатын болады», — деді әкім.

Форумда заманауи инфрақұрылымның жоғары халықаралық стандарттарына сай 400 гектар аумақта салынып жатқан «Shymkent City» қалашығы туралы айтқан қала басшысы, «Хеппилэнд» көпфункционалды отбасылық ойын-сауық кешені де бой көтеретінін мәлім етті.

Сөз соңында Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің келісті келбетімен, жылылығымен, қонақжай қалпымен, игі дәстүрімен және тәлімді тарихымен мақтана алатынын жеткізді.

inform.kz/