Үкімет басшысы Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады

154

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Миинстрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді, онда қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысын тексерді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Шымкент Орталық Азияның қуатты экономикалық орталығына, қонақтар мен тұрғындарға арналған қолайлы жағдайлар жасалған ірі әрі тартымды мегаполиске айналуы тиіс.

ҚР Үкіметінің басшысы жұмыс сапары барысында мегаполис төңірегіндегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Тұран шағынауданында ұзындығы 3,3 шақырым үш магистральді көшенің бірін, жол инфрақұрылымының құрылысымен танысты. Премьер-Министрге жыл соңына дейін жолдың пайдалануға берілетіні баяндалды. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін велосипед жолдары қарастырылған. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылдың ІІІ тоқсанының соңына дейін жаңа автоматтандырылған газ таратушы станция салынады, ол артып келе жатқан сұранысты ескере отырып, шалғайдағы елдімекендердің, соның ішінде Тұран шағынауданының тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге жол ашады.

Қала төңірегіндегі үйлерді электрмен жабдықтау үшін электр желілерін салу жұмыстары пысықталуда. ҚР Премьер-Министрі «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатқан жерде жобаны уақтылы аяқтау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспары аясында Шымкенттің солтүстік бөлігінде тұрғын үйлер салынуда, бұл электр қуатының қосымша көзін салу жұмыстарын жандандыруды талап етеді. Қала әкімдігінің мәліметтеріне сәйкес, «Бозарық» станциясы биыл қараша айында пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде шамамен 250 мың адам тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

   

«Тассай» индустриялық аймағының аумағында Премьер-Министр «Asia Trafo» ЖШС жаңа зауытының технологиялық өндірістік процесімен және электротехникалық зертханасының жұмысымен танысты. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын қуаттылықтары 110-220, 500 кВ дейін жететін трансформаторлар шығарады. Биыл 7 млрд теңге сомасына өнім шығару жоспарланған. Жыл сайынғы көлемі 120 бірлікті құрайтын жоғары сапалы заманауи өндірісті жергіліктендіру ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандырып, энергетикалық жабдықтардың 40%-ға жуығын ТМД, Иран, Ауғанстан, Пәкістан және т.б. елдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 220 адам жұмыс орындарымен қамтылған.

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды тексеру қорытындысы бойынша Үкімет басшысына құрылуы қолда бар аумақтарды барынша толықтыруға бағытталған «Жұлдыз» көпсалалы индустриялық аймағы және мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін қамтамасыз етуге бағытталған «Шымкент» агро-индустриялық аймағы таныстырылды.

Елбасы тапсырмасы бойынша дамытуға 600 млрд теңге қаражат бөлінген «қарапайым заттар экономикасы» мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Премьер-Министрге халық тұтынатын тауарлар өндірісін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалғаны баяндалды. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда мегаполис үлесіне Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі көлемінің 23% тиесілі.