Түркия инвесторлары биыл Түркістанда жаңа әуежай құрылысын бастайды

110

Түркия инвесторлары биыл Түркістан қаласында жаңа әуежай құрылысын бастайды. Бұл туралы бүгін елордада Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан Жаһандық инвестиция бойынша «дөңгелек үстел» барысында айтылды.

«Түркістан қаласында түрік инвесторларының қатысуымен жаңа әуежайдың құрылыс жобасы басталғалы жатыр. Осы іс-шара барысында инвестормен келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Ертең Форум аяқталғаннан кейін бірден  Түркістан қаласына бару көзделген. Әкімдік деңгейіндегі мәселелердің барлығы сол жерде шешілуі керек. Жақын арада, яғни биыл құрылыс жұмысын бастау жоспарланған», — дейді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев.

Сонымен бірге, басқарма төрағасы Қазақстанға тартылып жатқан инвестиция туралы сөз қозғады.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға 24 млрд-тан астам доллар тікелей инвестиция тартылған болатын. Соңғы 2-3 жылды салыстырып қарасаңыз, Қазақстанға тартылған тікелей инвестицияның көлемі өсіп келеді. Тағы бір маңызды нәрсе — бұрынғы жағдайда инвестицияның басым көлемі мұнай саласына тартылған болатын. Өткен жылы тартылған инвестициялардың 45 пайызы ғана мұнай-газ саласына құйылған. Яғни, жартысынан астамы — басқа салаға, коммуникация, көлік, инфрақұрылым, өндіріс, тамақ өнеркәсібіне тартылған», — дейді ол.