Түркістанда миграциялық ХҚО ашылды

37

Түркістан қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығы (МХҚО) ашылды. Енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» МК.

Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін 15-ші орталық.

«Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бірнеше күн түрлі мекемені аралауға мәжбүр еді. Енді олар ЖСН алу, салық төлеу, медициналық тексерістен, дактилоскопиядан өту, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу секілді құжаттарды бір жерде, бір сағаттың ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік қызметтер белгіленген уақыт регламентіне сай электрондық кезек арқылы арнайы жабдықталған жұмыс орындарында жүзеге асырылады. Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы. Көші-қон орталығының ашылуы жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің де алдын алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жеңісбеков.

Айта кету керек, Түркістан қаласында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 6700 қызмет көрсетілген.