Түркістанда күш атасы Қажымұқанды ұлықтаған халықаралық турнир өтеді

92

Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасовтың 149 жылдығына орай турнир өтеді. Күш атасының дәстүрлі халықаралық турнирі биыл 17 мамыр күні басталып, 3 күнге созылады деп жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ордабасы ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен облыстық спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев мәлім етті.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың 149 жылдығына арналған 55-ші турнирге 5 мемлекеттен 200-ден астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Биылғы дода ең мықтыны анықтаумен қатар, қазақ күресінің даму сатысындағы тағы бір баспалдаққа көтерілуінің көрінісіне айналмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі турнир қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұрпақ жадында жаңғыртып отыруға бағытталған. Ол — 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған жауырыны жерге тимеген батыр.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік ел болу мұраты бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана жүзеге асатынын үнемі айтып келеді. Тарихта есімі алтын әріптермен жазылған Қажымұқан Мұңайтпасовтың ерлігі, елдің атын әлемге танытуға сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Өмірінің соңғы күндерін Ордабасыда өткізіп, осы қасиетті мекенді мәңгілік тұрағы еткен палуанның ізін бүгінде әлемдік, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген балуандар: Ұлас Момынов, Нұрлан Асылов, Дәулет Байжігітов, Қуат Байқожаев, Елтай Сыдықов, Оңғар Үндемесов, Оңдыбай Үндемесов, Сейдахмет Қонақбаев сынды жігіттер басып келеді», — деді Ордабасы ауданының әкімі.

Бүгінде аталған ауданнан шыққан Жұманазар Ерсұлтанов, Әділжан Ыстыбаев, ағайынды Ғұмар, Ғұсман Қырғызбаевтар, Абзал Арыстанбек талай дүбірлі додадан топ жарып, Ордабасы өңірінің мерейін тасытып жүр. Сондай-ақ, Ордабасы жерінен ҚР еңбегі сіңген 6 жаттықтырушы, 3 спорт қайраткері, күрестен 100-ден аса спорт шебері, бірнеше халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем біріншіліктерінің, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері шыққан.