Шымкент әуежайына Qazaq air-дың жаңа үлгідегі Bombardier Q400 ұшағы қонды

119
Шымкент әуежайына Qazaq air әуекомпаниясының жаңа үлгідегі Bombardier Q400 NextGen ұшағы келіп қонды.
 
Алматы-Шымкент бағыты бойынша келіп жеткен ұшақты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай салтанатты түрде күтіп алды. Компания бұл әуе көлігін бір апта бұрын ғана сатып алған болатын.
 
— Әуекомпанияның жаңа ұшағының Шымқалаға келуі — қуанышты жаңалық. Қалада жаңа терминал салынып жатыр. Алдағы уақытта ұшақтарды 4-5 есе көп қабылдауға мүмкіндік болады. Қазірдің өзінде Дубай, Мәскеуге рейстер ашылды. Енді осы компания ұшақтарының Алматыдан басқа өңірлерге де тікелей қатынауына жағдай жасалады, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы.
 
Жеңіс күні мерекесіне орай әуе компаниясы жолаушыларға осындай сый жасады. Яғни, коммерциялық бағыттарға жаңа ұшақтарды әуеге жіберу — компанияның стратегиялық дамуының басым бағыттарының бірі. Ұшақ Шымкенттен Алматыға күнде ұшады.
 
— Біздің басты мақсатымыз — қауіпсіздікті күшейту, қолжетімділік және өңіраралық қарым-қатынасты (әуе хат-хабар алмасу) жақсарту. Бұл Алматыдан жеткен ұшақ үздік экономикалық көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Жолаушылардың қауіпсіздігі — біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Елдегі ең жаңа ұшақтар біздің компанияға тиесілі. Тағы бір айта кетерлігі — біздің пилоттар, инженерлер еуропалық стандарттар бойынша әрдайым білімін жетілдіріп отырады. Бізге қолдау көрсеткен Шымкент қаласы әкімдігіне алғыс білдіреміз, — дейді Компанияның қаржы жөніндегі директоры Әділбек Өмiрәлиев.
 
Соңында Қайрат Ырзақұлұлы бастаған қала басшылығы жаңа ұшақтың мүмкіндіктерімен де танысып көрді.
Шымкент келбеті