Шымкенттік 16 жасар оқушы сұлулық байқауында жеңіске жетті

154

«FACE OF SHYMKENT» атауымен өткен арулар сайысында 16 мен 25 жас аралығында 16 сұлу бақ сынады. Олар 200-ден астам қыздар арасында топ жарып шыққан еді.

Сайыс барысында қатысушылар 4 кезең бойынша өзара сынға түсті. Біріңғай киім үлгісінде шыққан қыздар алдымен өздерін таныстырса, зияткерлік сайысында қатысушыларға еліміздің тарихы, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып тақырыптарындағы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ арулар шығармашылықтарын да ортаға салды. Олар ән шырқап, мың бұрала би билеп, актерлік шеберліктерін көрсетті. Соңғы сында шымкенттік бойжеткендер отандық дизайнер Әсел Абдикулованың топтамасын дефиледе ұсынды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Көрермен көзайымы» номинациясымен Құралай Сейдалы марапатталды. Үшінші орынды Зарина Лесбек иеленді. Оған 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Екінші орын және 200 мың теңге Наргиз Бақытжановаға бұйырды. Ал 300 мың теңгелік сертификатқа ие болған Арай Муслим бірінші орыннан көрінді. «Face of Shymkent» байқауының күміс тәжін таққан 16 жасар оқушы Ясмин Наркулова 500 мың теңгеге қол жеткізді. Сондай-ақ, бас жүлде иегеріне халықаралық «Asia Model Fectival» байқауына жолдама берілді.

«Face of Shymkent» байқауының өзге байқаулардан айырмашылығы, мұнда қатысушылардың өнеріне басымдық берілді. Яғни, қыздардың шығармашылық қабілеттері, ұлттық салт-дәстүрді жетік меңгеруі мен біліміне ерекше назар аударылды.

16 қатысушының ішінен дараланған жеңімпазды анықтауда білікті мамандар әділ қазылық жасады. Олардың қатарында «Оңтүстік аруы-1989» сұлулық байқауының алғашқы тәжінің иегері — Ардақ Умирбаева, «Makeup Shymkent» сұлулық салонының негізін қалаушы және директоры Аида Абдраимова, «Sulu Models» модельдік агенттігінің директоры Ақжамал Абильдаева, Орталық Азия аймағындағы Asia Model Festival-нің ресми өкілі, Face of Central Asia байқауының бас ұйымдастырушы Хара Кан қазылық жасады.

Айта кетсек, бұл байқау Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп отыр.