Отанды қорғау – ұлы парыз

70

Шымкент қаласында 7 мамыр — «ҚР Отан қорғаушылар күні» мерекесіне арналған салатанатты шара өтті. Мерекелік жиынға қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов барша тұрғындар мен жауынгерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

– Бұл мереке – батырлықтың, отансүйгіштіктің мерекесі. Халқымыз елінің, жерінің қорғаны болған батырларын ерекше ардақтап, құрмет тұтқан. Елдегі әскери күшіміздің мығым болуы үшін көптеген жұмыс істелуде. Солардың бірі — Шымкентте алдағы уақытта әскери комиссариат ғимараты, Жас Ұлан мектебі салынады. Қазір олардың жобасы дайындалуда. Сонымен қатар полиция департаменті және өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаттығатын спорт кешені салынады. Әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де жүйелі шешілуде, — деді қала әкімі Ғ. Әбдірахымов.

Мұнан соң, елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын, заңдылықты қорғауға үлес қосқан 16 азамат қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиын «Жас ұлан» әскери мектеп сарбаздарының салтанатты шеруімен бастау алып, Қазақстан эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекованың ән шашуымен жалғасын тапты. Бұдан бөлек, көрермендер атаулы күнге орай дайындалған арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады.

Айта кетейік, бүгін мереке қарсаңында Шымкент қаласындағы әскери құрылымдарда қызмет ететін 19 офицерге пәтер кілті тапсырылды.