Шымкент: «Аманат» сайлаудың әділ өтуіне бақылау жасайды

120

2019 жылғы 9 маусым күні кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні белгілі. Қоғам сайлаудың әділ өтуін қалайды. Қазақстан Республикасының қоғам белсенділері осыны ескеріп, «Аманат» азаматтық платформасын құрды. Оның алғашқы отырысы Нұр-Сұлтан қаласында 22 сәуір күні өтті.

Аталған тұғырнаманың белсенді жұмыс істеуіне Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытып отыр.

Бүгінгі кездесуде «Аманат» азаматтық тұғырнамасының Шымкент қаласындағы штабының жетекшісі Ербол Дайрашұлы штаб мүшелерін таныстырып, алдағы жұмыс барысын пысықтады. Жиынға «Шымкент қаласы Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков қатысты.

– Азаматтық алаңның мақсаты — алдағы өткелі жатқан сайлау үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу. «Аманат» азаматтық алаңы — бұл әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар, азаматтық қоғам белсенділері кірді, — деді штаб жетекшісі.

Бұдан соң штабтың аудандағы өкілдеріне сайлау барысында мониторинг жасаудың тәртібі түсіндірілді. Сайлау үшін қажетті жағдай жасаудың 5 негізгі бағытын қамтитын тұжырымдама әзірленген.

Еске салсақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 45 ҮЕҰ бар. Жалпы 9 маусым күні Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істейді.