Шымкентте 177 көпбалалы анаға пәтер кілті табысталды

218

Бүгін, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент Сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 көпқабатты арендалық коммуналдық тұрғын үйлердің кілттерін табыстады.

Оның ішінде 177 пәтер – көпбалалы отбасыларға, 108 пәтер – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға беріліп отыр. 255 пәтер басқа да әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға үлестірілді.

Іс-шарада сөз алған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің жаңа әлеуметтік саясаты іске асып жатқандығын мәлімдеп, «Әлеуметтік қамқорлық» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Мемлекет тұрғындарды баспанамен қамту, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бағыттарында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Халықты қолдауға арналған осы жұмыстарды қуатты мемлекеттер ғана атқара алады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Шымкент қаласында соңғы жылдары құрылыс қарқыны артты. Жаңа шағынаудандар салынып, мыңдаған отбасылар баспаналы болды. Былтырдың өзінде қаламызда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1152 отбасы баспаналы болды. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, талай отбасы баспаналы болу бақыты алдында тұр. Қаланың даму жоспарына осыдан 3-4 жыл бұрын ғана енгізілген «Шымкент Сити» заманауи қалашығы бүгін алғашқы тұрғындарын қабылдауда, — деді қала әкімі.

Айта кетсек, жыл соңына дейін 828 пәтерлі 14 арендалық тұрғын үйлер берілетін болады. Бұдан басқа, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы 246 пәтерлі 5 кредиттік тұрғын үй берілсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрсәт» шағын ауданында 656 пәтерлі 11 кредиттік тұрғын үй, «Шымкент» ӘКК арқылы 1016 пәтерлі 24 кредиттік тұрғын үйлер халық игілігіне тапсырылмақ. Жеке құрылыс жүргізушілер есебінен 1293 пәтерлі 26 тұрғын үй пайдалануға берілмек. «Шымкент Сити» қалашығы таяу болашақта мегаполистің қарқынды даму орталығына айналады.

Бұл күні мерекелік ас беріліп, қоныс тойын тойлаған ағайынға тегін палау таратылды. Ал қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, жұртшылаққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жалпы, бұл шағынаудан таяу болашақта мегаполистің жаңа орталығына айналмақ. Көшелері кеңінен түскен. Даңғыл жолдар.

Шымкент Ситиде қазір көпқабатты 68 үй салынуда. Мұндағы құрылыс жұмыстарын әлемге әйгілі «Highvill», «BI Group» сынды ірі компаниялар жүргізеді. Қазір аталған ауданда «Конгресс холл» мен 70 гектар жерге саябақ салынуда. Бұған қоса спорттық арена мен заманауи технологиялар енгілізген орталыққа айналады. Қаладағы ең үлкен саябақ та осында орын тебетін болады.

Шымкент Сити шағын ауданының жалпы ауданы — 427 га. Жобада 1,5 млн. ш.м. көпқабатты тұрғын үйлер, 7500 оқушыға арналған 5 мектеп; 5000 орынға 9 балабақша; 2 емхана мен жедел жәрдем ғимараты; 30 мың орындық спорт аренасы қаралған. Қазіргі таңда 2300 орындық Конгресс орталығының құрылысы жүруде. Жаңа қалашықта 50 мың тұрғын мекендейтін болады.