Шымкентте «Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтуде

210

Елімізде 18 сәуірден бастап «Балуан Шолақ» фильмі прокатқа шыққан болатын. Аталған фильм бүгінде шымкенттік көрерменге де жол тартты.

Фильм кейіпкері Нұрмағанбет Баймырзаұлы (1864-1919) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тəсілін меңгерген өнерпазы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Балуандығына сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты Балуан Шолақ деп атаған. Ел мен жерді аралап, əн салатын сері ғана емес, отарлауға қарсы қаймықпай күрескен қайраткердің бірі.

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Режиссері – Нұргелді Садығұлов. Тарихи кинолента балуан, әнші әрі композитор Балуан Шолаққа арналған. Сценарий авторы — Дулат Исабеков.

Естеріңізге сала кетейік, фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында өткен. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Павлодар қаласында және Бурабай курортты аймағында өткен.

— Мен үшін маңыздысы жас ұрпақты Балуан Шолақтың тұлғасымен таныстыру және ол өмір сүрген тарихи кезеңді көрсету. Фильмнің қалай шыққанын экран көрсетеді. Түсірілім тобымен өте жақсы жұмыс істедік. Әсіресе актерлерді – Балуан Шолақты сомдаған Еркебұлан Дайыровты, Ақылбайды ойнаған Медғат Өмірәлиевті және Долгоносовтың образын аша білген Александр Багрянцевті атап өткім келеді, — дейді картинаның режиссері Нұргелді Садығұлов.

Енді бұл фильмнің прокаты ел ішімен шектеліп қалмайды. Қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан Балуан Шолақ (Нұрмағанбет Баймырзаұлы) туралы фильм Дағыстанда да көрсетілетін болды.

P.S. «Балуан Шолақ» фильмінің Шымкенттегі көрсетілім уақыты:

«Kinopark 5 3D» («Мега» орталық) – сағ: 12:00.

Толық мәліметтерді www.kino.kz сайтынан алуға болады.