Шымкентте мәслихат депутаттары жұмысшылармен кездесті

200

Бүгін Шымкент қаласының мәслихат депутаттары жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін жұмыскерлермен кездесті. Халық қалаулылары Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындардың еңбеккерлерін алдағы сайлауда белсенді болуға шақырды.

Кездесу барысында кезектен тыс Президент сайлауы жөнінде ақпарат беруге бағытталған диалогтық алаңша ұйымдастырылды. Еліміздегі саяси доданың ел өміріндегі маңыздылығына тоқталған депутаттар, жұмысшылардың науқан алдындағы ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сайлау алдағы әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттер мен бағдарламаларды ойдағыдай лайықты жүзеге асыруды айқындап беретін, еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастығы мен тұрақтылығын сақтап қалатын құрал екені айтылды.

«Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға нық қадаммен басып, қарқынды даму үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты әрі тиімді жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оны бізге алдағы өтетін Президент сайлауы беретін болады. Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, осындай сын сағаттарда баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» ауызбіршілікке шақырамын. Өйткені еліміздің келешегі, әрбіріміздің шешімімізге тікелей байланысты»,- деді депутат Рамазан Тектұрғанов.

Өз кезегінде кәсіпорын жұмысшылары да бұл бастамаларға қолдау көрсетіп, саяси додаға түсетін үміткерлердің арасынан дұрыс таңдау жасайтындықтарын жеткізді.

«Біз сайлауға үнемі барамыз. Бұл жолы да кандидаттардан өз таңдауымызды жасаймыз. Ең бастысы, елде тыныштық болсын! Халықтың құқы бірінші орынға шықса, әл-ауқатымыз да жақсарады»,- деді оператор Нұргүл Бекмұратова.

Айта кетейік, 2018 жылы Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп саласында 21,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жылдық өсім 25% құрады. Еліміздің жеңіл өнеркәсібіндегі қаланың үлесі 23% құрайды. Шаһарда жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

Бүгінге дейін аталған аймақта жалпы инвестиция құны 30 млрд теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылды. Онда 1 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осы аймақта 2019-2021 жылдары жалпы құны 89 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сол арқылы 1 300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Сондай-ақ, Үкіметтің 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берілген «қарапайым заттар экономикасын» дамыту туралы тапсырмасын орындау үшін қалада «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе және «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ-ның (ҚИДИ) қолдауымен Жобалық кеңсе құрылып, жұмыс жасауда.

Бүгінде Жобалық кеңсеге 73 кәсіпорыннан 70,3 млрд теңгеге өтінім түсті. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласында 48,5 млрд теңгеге 44 жоба бар.

inform.kz