Жастар арасындағы комикстер байқауының жеңімпаздары анықталды

152

«Зорлық-зомбылық экстремизмінің қатерін біл!» сурет байқауының жеңімпаздары анықталды. Аталған байқау 2019 жылдың 15 қаңтарынан 25 ақпаны аралығында «Тағдыр бейнесі» жобасы аясында жасөспірімдер мен жастардың медиасауаттылығын арттыру, жастар арасында зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұру мақсатында өткізілді.

Байқауға Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің және Шымкент қаласы Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн колледжінің студенттері қатысты.

Байқау туралы аталған оқу орындарының 1-4 курстарында оқитын 950-ден астам студенті естіп-біліп, байқауға барлығы 100-ден астам шығармашылық жұмыс келіп түсті.

Әрбір оқу орнында үздік жұмыстарды іріктейтін әділқазы алқасы құрылды. Сонымен Шымкент қаласы Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн колледжінің «Анимациялық графика» кафедрасының 1-курсында оқитын бес студенті және «Станок кескіндемесі» кафедрасының 3 курс студенті жеңімпаз атанды.

Олардың жұмысын аталған колледж директорының орынбасары Талғат Бөрібаев, оқытушылар Сұлтан Қыдырбаев және Нұрлан Байназаровтан құрылған әділқазылар алқасы бағалады.

Шымкент қаласы Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн колледжінің «Анимациялық графика» кафедрасының 1-курсында оқитын Нури Рамазан, Бекасыл Асқаров, Бақбаян Тұрысбек сынды студенттер үздік туындылар ұсынды.

Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан «Станок кескіндемесі» кафедрасының 5 курс студенті Шалқар Тұрғынов жеңімпаз болды. Сондай-ақ, «Монументалді кескіндеме» кафедрасының екі студенті Әйгерім Омаркүл және Әйгерім Сексембаева жеңіске жетті.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD) Сәкен Майғазиев қатысты.

Ол өз сөзінде Жастар жылында қоғамымыз жастардың өмірінде кездесетін қиындықтарына, олардың мәселелеріне, содан шешімін тауып шығуына көмектесуге баса назар аударып жатқанын айтты.

Жастарымызды зорлық-зомбылыққа бастайтын экстремистік ұйымдарға тарту қаупінің өте өзекті екеніне тоқталды. Сәкен Майғазиев байқау ұйымдастырушылары «Интерньюс Еуропа» ұйымына алғысын айтып, жастар арасында медиасауаттылықты арттырудағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Экстремизм тек діни ғана емес саяси да болуы мүмкін. Отбасында да қоғамда да болуы мүмкін. Соның алдын алу үшін өткізіліп жатқан байқаудың ұйымдастырылуы және сәтті өткізілуі біз үшін қуаныш. Жастарды түрлі теріс ағымдардан сақтандыруға арналған байқау болды. Білімді арттыруға бағытталған байқау нәтижесінде сызылған комикс суреттерінің оқырманы көп болатынына, жастарға жететініне сенемін» ,- дейді Сәкен Майғазиев.

Еске салсақ, «Зорлық-зомбылық экстремизмінің қатерін біл!» байқауына Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан қатысқан студенттердің жұмысын бағалайтын әділқазылар алқасының құрамына. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» кафедрасының деканы Бауыржан Нұрбекұлы Байділдә, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Әсем өнер» кафедрасының меңгерушісі, профессор Болат Сырлашұлы Тұрғынбай, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» кафедрасының деканының орынбасары Мұхамеджан Сүлейменов, «Әсем өнер» кафедрасының аға оқытушысы Серік Тайнов енді.

Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде байқау қорытындысы бойынша «Графикалық дизайн» мамандығына 4 курста оқитын Іңкәр Раисова және «Көркем тоқымашылық» мамандығына 3 курста оқитын Александра Королькованың жұмыстары үздік танылды.

Сондай-ақ, байқауға Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебінің «Технология және дизайн» кафедрасының 2 курс студенті Әйгерім Оразова қатысып, байқаудың ең жас жеңімпазы атанды.

Барлығы 10 жеңімпазға ұйымдастырушылар атынан Диплом табысталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар берілді.

Байқау ұйымдастырушыларының жетекшісі Бақтыгүл Бурбаеваның айтуынша, 10 жеңімпаз 10 оқиға бойынша комикс стилінде сурет салады.

«Бұл оқиғалардың барлығы да шын оқиғаға негізделіп, жазылған. Онда қазақстандық отбасылардың зорлық-зомбылық экстремизмі ұйымдарына тартылып, құрбанына айналу оқиғасы айтылған. Өзбекстандық серіктестерімізбен бірлесепі, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып веб-комикстер жасап, оны Youtube-тегі каналда жариялаймыз. Осы канал арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның мыңдаған жастары, студенттері қамтылады. Олар құрбы-құрдастарының зорлық-зомбылық экстремизмі ұйымдарына қалай тартылып, құрбанына айналғанын біледі. Жаңа буын өзгенің қатесінен сабақ алып, сақтанатынына сенеміз. Бұл каналдағы веб-комикстер алдағы уақытта Қазақстан және Өзбекстанның университеттерінде, колледждері мен мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаға асатынынан үміттіміз» ,- дейді Бақтыгүл Бурбаева.

«Тағдыр бейнесі» жобасы Еуроодақтың қаржылай қолдауымен «Орталық Азияда тұрақтылық және бейбітшілікті сақтау» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба мақсаты — жасөспірімдер мен жастардың медиасауаттылығын арттыра отырып жастар арасында зорлық-зомбылық экстремизмінің пайда болуының алдын-алуға септесу.

Жәнібек НҰРЫШ
Фото: автордан