Шымкентте ОҚМПУ-дың 350 орындық жатақханасы пайдалануға берілді

236

Үшінші мегаполистегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жаңа 350 орындық жатақханасы салтанатты түрде ашылды.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасымен қолға алынған жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов елімізде жастардың білім мен ғылымды игеруіне барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын атап өтті.

— Бүгінде қалада 48 оқу орнында 123 мыңнан астам студент жас білім алып отыр. Осы оқу орындарына қарасты 39 жатақхана болса, онда 7 600-ге жуық студент тұрады. Бұдан бөлек, 8 мыңнан астам студент жатақханаға орналасуды қажет етеді. Қазір 1000 орынды 3 жатақхана құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл мәселе толық шешімін табады. Шымкенттегі жатақхана орнының қажеттілігін жою бойынша тиісті жұмыстарды қолға алып, әкімдік 2021 жылдың соңына дейін студенттерді 100% жатақханамен қамтуды көздеп отыр, — деді қала әкімі.

Айта кетейік, бүгінде оқу орнында оқитын шетелдік талапкерлер саны жыл сайын артып келеді. Ал, студенттер саны 5 мыңнан асып отыр. Жатақхана заманауи талаптарға сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

Дерек көзі: «Шымкент келбеті»