Шымкент: «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалінің ең жарқын сәттері (фото)

135

Ұлыстың Ұлы күнін үшінші мегаполис тұрғындары ерекше тойлауда. Бүгін қаланы қақ жарып өтетін Қошқар ата өзенінің бойында «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалі өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Таңертеңнен Қошқар ата өзені бойында этно ауыл құрылып, киіз үйлер тігілді. Қазақтың күйі күмбірлеп, жастар алтыбақан тепті. Фестивальге Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Еске салсақ, ертеректе, жыл сайын наурыз айының 1-15 аралығында Шымкенттегі Қошқар ата өзенінің бойында, қазақтың киіз үйлері тігіліп, «Қошқар ата сейілі» атты ұлттық мейрам тойланған екен.

Осы мереке арада жүз жыл өткенде, қайта жаңғырды. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылғы Наурыз мерекесі қарсаңында. Өзен маңына жиналғандар қазақтың ұлттық бұйымдар көрмесі мен мерекелік бағдарламаны тамашалап, мәре-сәре күй кешті. Қазақ күресі, кір тасын көтеру, асық ойыны, қол күресі сынды спорттық шаралар да өтті.

Биыл міне, бұл мереке Шымкентте 4-ші жыл қатарынан кеңінен тойлануда. «Қошқар ата сейілі» көктем мерекесінің қайта жандануына ұйытқы болған өлкетанушылар Кеңес Исмаилов пен марқұм Алсексей Гончаровтың еңбегін де ерекше айта кеткеніміз жөн. Бастама көтерген осы азаматтар-тұғын.

«2016 жылы Ғабидолла Әбдірахымов қаламызға басшы болып келгенде белсенді азаматтардың басын қосып, туризм мен салт-дәстүрді насихаттап, дамыту үшін қандай ұсыныстарыңыз, идеяларыңыз бар деп сұраған. Сол кезде өлкетанушы досымыз Алексей Гончаров екеуміз осы «Қошқар Ата сейілі» мерекесі туралы ұсынысымызды айттық. Қала əкімі Ғ. Əбдірахымов жаңашыл, іскер азамат қой, бірден қолдады. Байырғы кезде ата-бабаларымыз осы «Қошқар ата» өзені бойында асыл тұқымды қошқар сойып, Алладан молшылық, тыныштық тілеген», – дейді К. Исмайлов.

Биылғы «Қошқар ата сейілі» фестивалі де ерекше аталып өтті. Жылдағыға қарағанда келген адамдардың қатары көп болды. Таң азанымен киелі Қошқар ата өзені бойында этноауылда қазақтың күйі күмбірлеп, шаңқай үйлер тігіліп, жастар
алтыбақан тепті. Алдымен киелі өзен бастауында құрбандыққа мал шалынып, құран оқылды. Шымкенттегі фестивальге тіпті шетелден де қонақтар келіпті.

– «Қошқар ата сейілі» көктем фестиваліне шетелдік туристер қатысты.
Испаниядан келген А. Лопес қазақтың салт-дәстүріне таңданысын жасырмады, — деп жазды мерекелік шараға қатысқан журналист А. Керімқұлова фейсбук парақшасында.

Бұдан бөлек «Алты қанат Ақ орда» ұлттық киіз үй, «Саят құру» аңшылық дәстүрі орталықтарында ұлтымыздың салт-дәстүрі жаңғырды. Мерекелік іс-шарада қала әкімі Ғ.Әбдірахымов екі бүлдіршіннің тұсауын кесті.