Кредиті бар отбасыларға 2 проценттік ипотека беріле ме?

258

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басқа банкте тұтынушылық кредиті бар отбасыларға 2 проценттік ипотеканы беру шарттарын түсіндірді. Президенттің тапсырмасы бойынша аталған тұрғын үй несиесі көпбалалы, мүгедек баласы бар мен толық емес отбасыларға ғана берілуі шарт.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, жеңілдетілген ипотеканың ең жоғары сомасы — 15 миллион теңге. Оны алу үшін отбасының табысы 104 250 теңге болуы қажет. Ал 6 миллион теңгенің қарызына 56 850 теңгенің жалақысы керек.

«Мысалы, Сізге сол 6 миллион теңгені алу керек. Алайда тоңазытқыш немесе кір жуу машинасы үшін басқа банктен тұтынушылық кредитті алдыңыз. Соған ай сайын 20 000 төлеп тұрасыз. Енді, 6 миллион теңгені алу үшін 56 850 теңге көлемінде жалақы болуы керек дедік қой, оған 20 000 теңгені қосасыз. Демек, ай сайынғы табысыңыз 76 850 болуы керек», — деді М.Жайымбетов Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Комитет басшысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне апаратын құжаттарды да атап берді. Біріншіден, соңғы алты айдың табысын көрсету керек. Екіншіден, отбасының барлық мүшелерінің жеке құжаттары қажет. Үшіншіден, ол отбасының жеке меншігінде баспананың жоқтығын растайтын құжат болуы шарт.

Айта кетейік, бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға 2 проценттік ипотеканы беру шарттарын жариялады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 8 миллион теңге қарызға алынса, алғашқы 8 жылда ай сайын 42 000 теңгеден төлеу керек. Ал одан кейінгі 11 жылда аталған сома 27 000 теңгеге дейін төмендейді.

«Жеңілдетілген баспана несиесіне жаңа пәтер, болмаса, үй сатып алуға болады. Жылдық мөлшерлемесі — 2 процент. Ол 19 жылға беріледі. Сосын 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна салу қажет. Енді, алғашқы жарнаға ақша жоқ деген мәселе туындайды. Мәселен, 10 миллион теңгені қарызға алсаң, 1 миллион теңге көлемінде алғашқы жарна қажет. Біз бұл мәселені былай шешуді көздеп отырмыз. Әкімдіктер беретін тұрғын үй куәліктері арқылы, болмаса, ірі кәсіпорындардың көмегімен алғашқы жарнаны алуға болады. Мәселен, Астана қаласы тұрғын үй куәліктеріне 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлеміз деп отыр. Соның көмегімен алуға болады», — дейді М.Жайымбетов.

Оның айтуынша, жеңілдетілген ипотеканы бай-ауқатты адамдар алып кетпес үшін 2 проценттік ипотека бойынша жалақының шекті мөлшері бекітілді.

inform.kz