Көпбалалы отбасыларға мамыр айынан бастап баспана беріледі

407

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көпбалалы отбасыларға жалдамады баспана таратудың мерзімін атады.

Министрдің айтуынша, бүгінде республика бойынша 340 мың көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде 28 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз жеті жылдың ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтерді салып отырамыз. Сөйтіп, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер тұрғызылады. Сол кезде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толығымен шешіледі. Биыл мамыр айында біз көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерді беруді бастаймыз», — деді Р.Скляр Үкіметтің отырысында.

Сондай-ақ 5 наурызда Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында көпбалалы отбасыларға арнап салынатын пәтерлердің құны айтылды.

«Бүгінде әкімдіктерде 487 мың адам пәтер кезегінде тұр. Оның ішінде 28 мың адамға Мемлекет басшысының тапсырмасымен 7 жылдың ішінде 42 мың пәтер салуымыз керек. Бұл, жылына 6 мың пәтерден салу деген сөз. Оған жылына 50 млрд теңге қаражат бөлінеді. 60 шаршы метрді құрайтын пәтердің болжамды бағасы 8 млн 400 теңгені құрайды. 1 шаршы метрі 140 мың теңгеден есептелінеді. Егер одан жоғары болса, жергілікті бюджеттен өтеледі», — деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Оның атап өтуінше, бүгінде әкімдікте пәтер кезегінде көпбалалы аналарлармен қатар мүгедектер, мемлекеттік қызметшілер де тұр.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын кеңейтіп, соның аясында көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салуды тапсырды.

«Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар ішіндегі аз қамтылған отбасыларға басымдық бере отырып, 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырамын. Бұл мақсатқа таяу 7 жылда жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

inform.kz