Шымкентте «Көршіге ізет» күні аталып өтті

287

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Шымкентте басталған апталықтың үшінші күні — «Көршіге ізет» атауымен жалғасты.

Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы өзбек этномәдени бірлестігімен бірлесе Сайрам тұрғын алабындағы «Салтанат» сарайында тағылымды жиын өткізді. Яғни өзбек этносының өкілдері көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын сыйлы қонақ ретінде шақырып, ізетін көрсетті. Әрі мерекелік жиында жергілікті этнос өкілдері қазақ еліне деген ақеділ алғысын білдірді.

Игі іс-шарада Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов көпшілікті мерекемен құттықтап, елдің бірлігі, этносаралық татулықты сақтаудың маңызы төңірегінде сөз сөйледі.
– Биыл елімізде төртінші рет өткелі отырған Алғыс айту күнінің маңызы зор. Бұл мереке елімізде тыныштықты сақтауды, бірлікті бекемдеуді көздейді. Ынтымақ-бірлік жарасым тапса ғана еліміз өркендейді. Мұндай іс-шара көршілер арасында өзара түсіністік пен құрметті қалыптастырады, – деді Мұратәлі Оразалыұлы құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, мерекелік басқосуда Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай құттықтау сөз сөйлеп, ынтымақ, бірліктің маңызы жөнінде мағыналы әңгіме өрбітті.
Одан бөлек, қалалық мәслихат депутаттары, түрлі этномәдени бірлестіктің басшылары елдегі берекелі бірлікті сақтау жайлы сөз қозғады.
Қалада жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған мерекелік жиындар 1 наурызға дейін жалғасады. Ертең 25 ақпан – «Ұстазға құрмет» күніне ұласады.