Елбасы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты қабылдады

177
Кездесу барысында Ғ.Әбдірахымов Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы шешім қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсы екенін атап өтті, деп хабарлайды akorda.kz.
 
– Өткен жылы 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Орташа жалақы мөлшері 6,6 пайызға өсіп, 113 700 теңгеге жетті. Ал, жан басына шаққандағы орташа кіріс көлемі 19 пайызға артып, 60 427 теңгені құрады. Сіздің тапсырмаларыңызды орындау мақсатымен тұрғындар үшін жылудың тарифі 19 пайызға, судың тарифі 10 пайызға, газдың тарифі 5,8 пайызға және электр қуатының тарифі 6,8 пайызға төмендетілді, – деді қала әкімі.
 
Қазақстан Президенті берілген мәліметтермен танысқан соң, өңір әкімдері халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтердің тарифтерін реттеу, жолдардың сапасы, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық қауіпсіздік, ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық көлік пен коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің жұмыстары жөніндегі мәселелерді әрдайым бақылауда ұстау керектігін айтты.
 
Мемлекет басшысы бұл мәселелер Қазақстан Президенті Әкімшілігінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.