Шымкентте үшем тапқан ана қуанышқа бөленді (фото)

212

Шымкент қаласында үшемді дүниеге әкелген көпбалалы ана Фозила Досметоваға демеушілер көмек көрсетіп, қаланың орталығынан 3 бөлмелі пәтерді жалға алып берді.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев көпбалалы ананың жағдайына бей-жай қарамай, жергілікті демеуші азаматтарды жұмылдырып, Ф.Досметоваға қамқорлық танытты. Атымтай жомарттардың көмегімен көпбалалы ана Қонаев даңғылы мен Жандосов көшесінің қиылысындағы 3 бөлмелі жалдамалы пәтерге ауруханадан шыққан соң орналасады.

Бұған дейін 3 құрсақ көтерген көпбалалы ана 6 баласымен өз қаржысына пәтер жалдап келген. Қалада мемлекеттік баспана кезегіне тұрған соң, кезегі келгенге дейін бұл отбасы демеушілер тарапынан берілген осы пәтерде тұрады.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров азан шақырып, сәбилерге ат қойды.

Еске салсақ, Фазиланың Бәкір, Әли, Омар есімді үшемдерден бөлек 3 перзенті бар. Үлкені Гүзәл 11 сыныпта, кейінгісі Шадиер 10 сыныпта оқиды. Сондай-ақ 6 жасар Индира есімді қызы бар.

Бұл жанұяға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері де қол ұшын бермек. Үшемнің анасы мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларына берілетін тиісті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіледі.