Түркістандағы қазақ-түрік университетінде алғаш рет «Көзайым» қыздар клубы ашылды

638

Жастар жылында Түркістан қаласы Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында «Көзайым» қыздар клубы құрылды. Бұл туралы аталған жоғары оқу орнының оқытушысы, белгілі журналист Бекжігіт Сердәлі өзінің фейсбук парақшасында жазды.

– «Әдепті ұмытты», «үлкенді сыйлаудан қалды», «қалай болса солай, ашық-шашық жүреді» деп қазіргі қыздарды кінәлап жатамыз. Жоқ, олай емес екен! Жуырда ғана Түркістан қаласындағы Ясауи университетінде ұлттық құндылықтарымыздан ұзай қоймаған қазақ қыздары бас қосып, «Көзайым» қыздар клубын құрды. Ерекшелігі – клубқа мүше қыздардың барлығы да мына суреттегідей құлақтарына күміс сырға, омырауларына құрама алқа, білектеріне топсалы білезік, бұрымдарына қоңыраулы шолпы тағып жүруге, ұзын етекті юбка киюге және шашын буып, өріп жүруге міндетті. Ондағы мақсат – қымтана киініп, әшекей бұйымдар тағу арқылы құрбыластарының әдеп сақтап, тәртіпті жүруіне, иба ұстап, инабатты болуына аз да болса ықпал ету. Қазірдің өзінде клубқа 276 қыз мүше. Алда әлгіндей іріктеуден өткен тағы 100 қыз мүше болуға ниетті, – деп ерекше ризашылығын білдіріпті Б. Сердәлі өз жазбасында.

– Бұйыртса, ақпан айында қала қыздарымен бас қосып, мүшелер құрамын мыңға жеткізу көзделуде, – дейді клуб төрайымы, журналистика бөлімінде оқитын 3-курс студенті Үміт Тұрсынхан. – Біз апта сайын бас қосып, түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіп жатамыз. Мәселен, «Білгенге – маржан» айдарымен өтер бастаңғымызда қыздардың дүниетанымын кеңейтер халықтық дәстүрімізге қатысты көрген-білген, естіген-түйген салт-жораларғыларымыз туралы пайымдарымызды ортаға салып, «Бір тойым бар» айдары арқылы қазіргі той-жиындардың өту дағдылары, кемшін тұстары туралы пікірлесеміз.

Жастардың айтуынша, клуб мүшелері «Кітаппен тілдесу» айдары аясында апта сайын әйел-анаға қатысты бір кітап оқып келіп, өзара пікір таластырады. «Өзіміз үйренеміз» айдары қыздарды шаш өруге, кесте тігіп, тоқыма тоқуға, жүн түтіп, ұршық иіруге машықтандырса, «Тәп-тәттім» айдары ас қамдаудың, тамақ пісірудің, қонақ күтудің түрлі құпияларына қанықтырады. «Шебер» топтамасының көмегімен бойжеткендер гүл өсіру, түйме қадау, киім пішу, галстук байлау, бет күтімі сияқты өмірдің мән бере бермес түрлі сиқырларына қанығады.

– Қазақы салт-дәстүрімізді терең меңгерген ең таңдаулы бойжеткен жыл соңында сәукеле мен үкі бейнеленген арнаулы төсбелгіге ие болады. Ал, кеудесінде бірнеше сәукеле-төсбелгісі жарқыраған қыздың қандай ару болмағын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз, – деп күледі өзі де қазақы болмыстан алыстай қоймаған Үміт шәкіртім. Осындайда «Бәрін айт, бірін айт та, лайықтысың, қазақтың қызы деген ғажап атқа» деп әндеткің келеді екен, – дейді ұлағатты ұстаз түйін сөзінде.

Түркістан облысы, «Жас Отан» жастар қанатының өкілі, аталған университеттің белсенді студенті Әйгерім Мұраттың айтуынша, бұл клуб университет қабырғасында тұңғыш рет ашылып отыр.

– Құрметті оқу ордамыздың арулары, сұлулары! Алғаш рет, университетімізде қыздар кеңесін ашып отырмыз! Мақсатымыз – болашақтың, елдің ұйытқысы болар, намысы мен ары саналатын қыздарымызға ұлттық сананы, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үйретіп, дәстүрлі қазақ қоғамындағы қыз бала тәрбиесіне айырықша көңіл бөлу! Апталық жоба болып, сәрсенбінің сәтінде түрлі форматта кездесулер мен тренингтер, сұхбаттар мен арнайы сабақтар жүргізіледі. Айта кетерлігі, клубтың арнайы инстаграм парақшасы да ашылған, @kozaiym_kk мекенжайынан жақсы жаңалықтардан хабардар бола аласыздар. «КӨЗАЙЫМ» қыздар кеңесіне мүше болуға шақырамыз! Ұлт болашағы біздің қолымызда! – дейді қазақи құндылықтарды өз ортасында кеңінен дәріптеп жүрген жастың бірі Әйгерім Мұрат.

Әлеуметтік желілелердегі пікірлерді шолып шығып едік, көне шаһардағы «Көзайым» қыздар клубының құрылғанына риза болып, ізгі тілектерін білдіріп жатқандардың көп екенін аңғардық. «Намысты қарындастарымыз бар екен! Көре білгенге инабатты қыздар көп Түркістанда», «Не деген сұлулық! Көрсе көз тоймайды, қазақтың қызы дәл осындай болу керек, өте тамаша нағыз рухани жаңғыру», «Жастарымыз өткенді жаңғыртып, жастар жылы игі бастама бастапты. Жалғасын тапсын. Істеріңе сəттілік!» деп жазба қалдырыпты фейсбук оқырмандары.