Ғабидолла Әбдірахымов: Шымкент еліміздегі ең қауіпсіз қалаға айналады

319

Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданы әкімінің халық алдындағы есептік жиынына қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті.

Қала басшысы шаһар тұрғындарының қауіпсіздігі үшін биыл 50 мың бейнебақылау камерасы орнатылатынын айтты.

«Республикалық маңызы бар қала статусына ие болған Шымкент мемлекетіміздегі ең қауіпсіз қалаға айналады. Бұл мақсатта үлкен жоба қолға алынып, жылдың соңына дейін 50 мың бейнекамера орнатылады. Бейне бақылау камерасы наурыз айынан басталатын болады. Бұл өз кезегінде қылмыскер мен күдіктілердің жүрген-тұрған жерін дер кезінде анықтауға үлесін қосады. Ал, бүгінде қалада 500 камера бар»,- деді қала басшысы.

Сонымен қатар, әкім осы жиында көтерілген әрбір мәселе кезең-кезіңімен шешілетінін айтып, биылғы бюджеттің басым бөлігі қалаға қосылған елді мекендердің коммуналдық және әлеуметтік мәселесін шешуге бағытталғанын атап өтті.

Жиында Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ильясов қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында өткен жылы аяқталған негізгі жұмыстардың жайын баяндады.

Мәселен, ауданда 2018 жылы бюджет есебінен 3 кезеңмен қаржы бөлініп, 20 көшенің 17 шақырымына орташа жөндеу, 15,2 шақырым құрайтын 12 көшеге аяқ жол салу жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар 51,6 шақырым құрайтын 37 көшеге шағал тас төсеу үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасына ұсыныс беріліп, 23,7 шақырымға шағал тас төселді.