Тағабай Қасымның «Өміріме шабыт берген» кітабы жарық көрді

350

Миллионды қала – Шымшаһардың басты газеті «Шымкент келбеті» басылымының тілшісі, белгілі спорт журналисі Тағабай Қасымның алғашқы кітабы жарық көрді.

Үш бөлімнен тұратын жинаққа, негізінен, автордың газет бетінде көтерген мәселелері, белгілі тұлғалармен сұхбаттары және жолжазбалары еніп отыр.

Жалпы, автор кітапта жастар саясатын дамыту мәселелері, бұқаралық спортты насихаттау, Олимпиада және әлем чемпионаттарындағы жеңісті дәстүрді жалғастыру мәселелерін қозғап, ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасы жөнінде ой қозғайды.

Туған жерін түлету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Міне, әріптесіміз бұл еңбегінде 2011 жылдан бергі Шымкент қаласындағы спорт саласының дамуын сөз етеді.

Нақтырақ айтқанда, сыр-сұхбат бөліміне бокстан тоғыз жыл ұлтық құраманың бас бапкері болған Мырзағали Айтжанов, күрестен халықаралық дәрежедегі төреші Бақытжан Жақсықұлов, көркем гимнастикадан Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова, ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл, Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, әлем чемпиондары Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиев, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жайна Шекербекова, т.б., белгілі тұлғалармен сұхбаттары топтастырылған.

Сонымен қоса, өз елімізде өткен ауыр атлетикадан, бокстан әлем чемпионаты, күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионаты, бокстан Ташкентте өткен Азия чемпионатындағы жолжазбалары оқырман назарына ұсынылып отыр.
Ал «Ойды ой қозғайды» бөлімінде «Жұлдыз-ғұмыр жадымызда мәңгі жаңғырып тұрсын десек», «Ағаның бәрі осындай болсашы», «Балуандардың бағын ашқан бәсеке», «Бәрі де Шымкент шаршы алаңында шыңдалды», «Олимпиадалық цикл Шымкенттен басталады» атты өзекті талдамалық-сараптама материалдары, тағы басқа ескірмейтін, өзектілігін жоймайтын мақалалар бар.

– Өзім еңбек еткен «Оңтүстік Қазақстан», «Оңтүстік Рабат» және республикалық «Sport» газетінде де хал-қадерімізше осы саланы көбірек жазуға әрекеттендік. Өмірлік мақсатыма айналған спортты насихаттауды «Шымкент келбеті» газетінде де жалғастырып келемін. Еңбек жолымызда белгілі спорт журналистері Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбек ағалардың қамқорлығын, тәрбиесін көрдік. Осы кісілердің әрбір айтқан сөзінен қанаттанып, көптеген үлгі-өнегесін алдық. Сол себепті, осы саланы жазуға бағыт-бағдар берген ұстаздарыма айтар алғысым мол, – дейді автор өз сөзінде.

Алғысөзін жазған – республикалық «Қазақ спорты» газетінің бас редакторы Дүрәлі Дүйсебай. Мұқаба дизайнының авторы — Мұқағали Төрехан. Кітап Алматы қаласындағы «Полиграфкомбинат» баспасынан 1 мың данамен жарық көріп отыр.

P. S. Кітапты сатып алғысы келетін оқырмандар 8-707-471-43-26 байланыс телефонына хабарласуына болады.

Автор туралы:
Тағабай Дүйсенбекұлы Қасым 1988 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданы Бәйтерек ауылында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2010 жылғы түлегі. Еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінде бастаған.
2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде жұмыс істейді.