Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды Шымшаһардың мәртебесін биіктетті

653

Парламент депутаттары Шымкент қаласының дәрежесін заңмен бекітті. Сонымен қоса Түркістан облысының құрылуы мен оның әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру де заң жүзінде бекітілді.

ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында депутаттар «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелері бойынша ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңын қабылдады. Сонымен қатар «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу және көлеңкелі экономикаға қарсы тұру туралы» өзгерістер топтамасын қабылдады.

Депутаттардың пленарлық отырысында бұған қоса жекелеген заңдардың жекелеген нормаларын әкімшілік-аумақтық өзгерістерге сай етуге бағытталған тиісті заң қабылданды. Бұл құжат бойынша 11 кодекс пен 44 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Нақты айтқанда Шымкент және Түркістан қалаларының салық мөлшерлемесін өзгерту бойынша Салық кодексіне өзгерістер енгізілмек. Бұл өзгерістерді бірден емес, ауыспалы кезең арқылы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу ұсынылуда.

Айта кетерлігі, 2018 жылдың 5 қазанында республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкент қаласынан алғаш рет Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды Сенатқа депутат болып сайланған болатын. Қос депутатқа Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өзекті мәселелері және даму перспективалары өте жақсы таныс. Олар Шымкентте қызмет еткен жылдары өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, халықтың алғысына бөленген.

Осы орайда Н. Бекназаров пен Д. Сатыбалды аталған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуде мол тәжірибесі мен біліктілігін көрсетіп, заңдардың жоғары дәрежеде сапалы қабылдануын қамтамасыз етті.

Атап айтсақ, Н. Бекназаров депутат ретінде Үкімет пен Сенаттың мәжілісінде 2 рет зандарға қатысты ауқымды баяндама жасады. Нәтижесінде енді Шымкент қаласының республикалық маңызы бар дербес қала статусына қатысты құзыретін заң нормаларына сәйкес толық пайдалана алатын болады. Ол заңдарға барлығы 150-дей өзгерістер енгізілді.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы тамыз айының басында Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған сәйкес,  Шымкент қаласынан алғаш рет Сенатқа депутаттыққа үміткерлер ұсынылып, сайлау қорытындысы бойынша Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды сайланған еді.