Отырарлықтар Тұңғыш Президент күнін ерекше атап өтті (фото)

86

Бүгін Республикамыздың түкпір-түкпірінде Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар өтуде. Еліміз үшін ерекше орны бар бұл күнді отырарлықтар да жан-жақты атап өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осындай тақырыппен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қонақтар алдымен музей мен аудандық орталық кітапхананың ұйытқы болуымен қойылған «Елбасы-Ұлт Көшбасшысы» атты көрмені тамашалады. Шара барысында аудан әкімі Ерлан Айтаханов, әдебиетші Сағындық Қыдыр, тарихшы Бекжан Бейсенбай және музей қызметкерлері сөз алып Елбасының ел бірлігі, ұлттар татулығы жолында сіңірген еңбектері жайында кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ, «Ақбол» балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымдағы педагогикалық кадрлардың кәсіби қызметінде технологияларды қолдану тиімділігі» тақырыбындағы облыстық тәжірибелік семинары өтті. Семинарға болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын ескеріп аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып қатысып, құтықтау сөз сөйледі.

Өз сөзінде: «Құрметті семинарға қатысушылар, сіздерді бүгінгі айтулы мереке 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президент күнін ерекшелігі сонда, ол — қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, түгел айту мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сондықтан бүгінгі семинардан осы бағытта мол тәжірибе алмасып, маңызы зор жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдемін»-деген аудан әкімі семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Мерекелік іс-шаралар Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт кешенінде жалғасын тапты. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында волейболдан және эстафеталық ойындар жарысының ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Бүгінде ауданымызда осы бағытта түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына бірнеше ашық спорт алаңшалары, Ақтөбе мен Аққұмда жабық спорт кешендері, Маяқұм, Көксарай, Темір ауыл округтерінде ашық спорт алаңдары ашылды. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануларына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын-деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Мереке аясында ауданымызда Медиацияны дамыту орталығы ашылды.Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов ашып ,бірыңғай қызмет көрсету орталығының ашылуымен жиылған көпшілікті құттықтады.
Жиында Шымкет қаласындағы медиацияны дамыту орталығының директоры Лаура Ақшегірова мен аудандық соттың төрағасы Әкімбек Жанасовтар сөз алып, «Мамандардың айтуынша медиацияны қоғамда қалыптастыру маңызды істердің бірі болып табылады.Азаматтар дау-дамайдың оңай шешу жолдарын осы орталықтан таба алады.Ал еңбек, отбасылық,қаржылық дауларға душар болғандарға тәжірбиесі мен біліктілігі ұштасқан мамандар көмек қолын созады.Олардың қатарында заңгер мен психологтар бар.Орталықтың тағы бір тиімді тұсы өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға тегін қызмет көрсетеді» — деп көпшілікті ҚР Тұңғыш Президенті күнімен және орталықтың ашылуымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.

Мерекелік іс-ашара Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде «Мен Президентіммен мақтанамын» тақырыбында жалғасын тапты. Еліміздің ынтымағы мен бірлігін берік сақтап, ел тізгінін ұстаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын кеңінен насихаттау, жас буындарға патриоттық тәрбие беру, өскелең ұрпақты отаншылдыққа,үлкенді құрмет тұтуға баулу мақсатындағы мерекелік шарада білім ордасының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің мазмұнын аша түсті.Мектеп фойэсіне тұлғаның кітаптары мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылып, Елбасымыздың жүріп өткен жолдарынан сыр шертіп, өнегелі өмірі мен жемісті қызметіне арналған жинақтар да тамашаланды.

Көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлаған шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып,мерейлі мерекемен құттықтап,еліміздің ертенгі болашағы болып саналатын бүгінгі бүлдіршіндеріміздің өнерлерін тамашалады. Салтанатты шара барысында ел Тәуелсіздігіне арналған арнайы бейнетаспаны тамашалаған көпшілік Тұңғыш Президентіміздің өткен өмір жолдарына тағы да бір мәрте қаныға түсті.
Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында «Елбасы – елдің тірегі» атты мерекелік іс-шарасы өткізілді. Халқының қалауымен 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен жалпыхалықтық сайлауда басым дауыспен еліміздің тұңғыш Президенті болып сайланған Елбасының өнегелі өмір жолдары мен жеткен жетістіктері оқушылардың арнау өлеңдеріне арқау болып, ет жүректі елжіретер патриоттық әндер шырқалған мазмұнды іс-шарада аудан әкімі Ерлан Айтаханов жиынға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынға Мемлекет басшысының ғибратты істерін үлгі-өнеге ете отырып, әсерлі әңгіме өрбітті.
«Кемеңгер Елбасы — ырысы елімнің» атты мәдениет сарайындағы салтанатты жиын бүгінгі мазмұнды өткен барлық іс-шараларды қорытындылады.
Салтанатты жиын «Күн бейнесі» би композициясымен басталып, ашық деп жарияланған соң мемлекеттік Әнұран орындалды. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлықтарды мерекемен құттықтап, әр сала бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосқан қызметкерлер аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.