Мұстафа аманатына адал Нұрлан

32

Біріккен Араб Әмірліктері мемлекетінің Фуджейра қаласында таеквондодан командалық әлем чемпионаты өтіп, Қазақстанның ерлер құрамасы үшінші орынға ие болды.

Бұл жаңалықты спортсүйер қауым жылы қабылдады. Себебі, кезінде Мұстафа Өзтүріктей саңлақ алып келген таеквондо спортының Қазақстанда қанат жаюы — жақсы құбылыс.

Ұлттық құрама сапында Түркістан облысының өрені, Кентау қаласының тумасы Нұрлан Мырзабаев айрықша көзге түсті. Таеквондо спортымен тұрақты түрде 22 жасында айналыса бастаған Нұрлан талантты адамға ештеңе кеш болмайтынын дәлелдеп жүр. Жігерлі әрі қайсар жігіт спортқа кеш келсе де, ел біріншілігінде жасындай жарқырады. Әлем чемпионатында бесінші орынға, ал, 2018 жылы Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлде еншіледі. Бүгінде ұлттық құраманың көшбасшыларының біріне айналған жігіт келесі айда Алматыда өтетін Конфедерация кубогына дайындалуда.

БАӘ төріндегі додада Қазақстанның ерлер құрамасы жартылай финалда Иранға ғана есе жіберді. Иран құрамасы әлем чемпионы атанғанын да айта кеткен жөн. Қазақстан құрамасы сапында Нұрланмен бірге Елдос Ысқақ, Ерасыл Қайырбек, Руслан Жапаров және Рақым Әділханов ел намысын қорғады.

Алдағы уақытта бұл жігіттер Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алып, жүлдегер атануға күш салады.

Алға, қазақ жігіттері!