ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ: Шымкентте 2 500 пәтерлік 40 үй салынады

255

Аталған тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтермек. Жалпы 150 мың шаршы метр қолжетімді баспана салынады. Жаңа үйлер қаланың ShymkentCity ауданында және Әкімшілік-іскерлік орталығында орналаспақ. Бұл туралы бүгін Шымкентте орналасқан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов БАҚ өкілдеріне арнап өткізілген баспасөз туры кезінде айтты.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Мұндағы 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны – 140 000 теңге. Баспаналар 50/50 қағидасы бойынша бөлінеді. Яғни пәтерлердің кем дегенде 50%-ы әкімшілікте кезекте тұрған азаматтар арасында бөлінеді, қалған 50% пәтерлер кезекке тұрмаған ҚТҚЖБ басқа да салымшылары арасында таратылады.

Ақылбек Қоспановтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін әкімшілікте кезекте тұрған азаматтар да банкте салымшы атанып, ҚТҚЖБ-да есепшот ашып және қаражат жинақтауы тиіс.

— Алғашқы 662 пәтердің сатып алушылар пулына қатысуға өтінішті осы жылы беруге болады. Қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бірден 12 тұрғын үй салынбақ. Құрылысты салушы нысандарды 2018 жылдың соңына қарай қолданысқа беруді жоспарлап отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып және тұрғын сатып алу үшін ҚТҚЖБ есепшотында алғашқы жарна үшін пәтер құнының 20%-ы көлемінде қаражат болуы тиіс. 5,6 млн теңге тұратын 1 бөлмелі пәтерді сатып алу үшін депозитке 1,1 млн теңге жинақтау қажет. Осыдан кейін банк жылдық 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікті қарыз береді, — деп мемлекеттік бағдарламаға қатысу шарттарын түсіндіріп өтті филиал директорының орынбасары.

Сондай-ақ ол қалған 1 816 пәтерді салу және қолданысқа беру 2019 жылдың соңына жоспарланғанын да айтып өтті. Жаңа үйлер ShymkentCity ауданында бой көтермек.

«Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары бойынша келесідей талаптарға сай келген азаматтар мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйге үміткер атана алады:

— ҚР азаматтығы немесе оралман статусы бар;

— ҚР аумағында соңғы5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі жоқ (үміткердің өзінде де, онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінде де);

— төлем қабілетін растау.

ҚТҚЖБ желісі бойынша сатылатын жаңа нысандар baspana.kz порталында орналастырылады. Мұнда тұрғын үйге үміткер салынып жатқан нысандарды қарап, өтініштерді қабылдау барысы жайлы ақпарат алуға, өзіне ұнаған пәтерді таңдау, баспана сатып алушылар пулына қатысуға өтініш беру мүмкіндігіне ие болады.

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» — тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін жүзеге асырып отырған еліміздегі жалғыз банк. Банк Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясының (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағының мүшесі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі».

Қосымша ақпарат үшін, банктің ақпараттық кеңес бөліміне (8-775-327-07-53) хабарласуыңызға болады.