Шымкентте «Өз үйім» бағдарламасымен 168 пәтер пайдалануға берілмек (фото)

374

Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін «Өз үйім» бағдарламасы аясында 168 пәтер қолданысқа берілмек, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының мәліметінше, ҚТҚЖБ өз салымшыларына баспана сатып алу үшін 7% жылдық мөлшерлеме бойынша қарыз беруге дайын. Ол үшін есепшотыңызда бастапқы жарнаның кем дегенде 20%-ы болуы тиіс.

Тұрғын үйді «JAS OTAU» ТК алуға болады. Кешен Төлеметов көшесі, 69 мекенжайындағы жаңа ықшам ауданда салынып жатыр. Құрылысты салушы компания «Отау-Строй» ЖШС. Мұндағы әдемі әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 190 000 теңге. Нысанды 2018 жылдың соңында қолданысқа беру жоспарлануда.

– «Өз үйім» бағдарламасының біршама артықшылықтары бар. Біріншіден, мұнда тұрғын үйлердің бағасы нарықтағыдан төмен. Екіншіден, бағдарламаға облыстың барлық тұрғындары қатыса алады. Мұнда мемлекеттік бағдарламадағы тәрізді меншіктегі тұрғын үйдің болуына қатысты шектеулер жоқ. Бағдарламаның үшінші артықшылығы – жылдық мөлшерлеме 7%-дан 3,8%-ға дейін төмендетіледі. Мысалы, 7,6 млнтеңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін есепшотыңызға 1,6 млн теңге жинау қажет. Банк қарыз береді және қарыз бойынша төлем айына 70 мың теңгені құрайды, 8 жыл өткеннен кейін ай сайынғы төлем сомасы 35 мың теңгеге дейін азаяды, — деп түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов.

Қазіргі уақытта банк аталған тұрғын үй кешеніндегі баспаналарды сатуды бастады. Алайда клиенттер «Өз үйім» бағдарламасына қатысып және 2019 жылдың басында келесідей үйлерден баспана сатып ала алады. Ол үшін өтініштердің қабылдану уақытын күтіп, baspana.kz порталына кіріп, өзіңізге ұнаған пәтерді таңдап және өтініш бере аласыз.

Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бәйтерек Деволопмент» АҚ арқылы несиелік тұрғын үй салу» бағыты бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шымкент қ., Қаратау ауданы, «Тұран» шағынауданында (192-квартал) орналасқан жаңа үйлердегі 59 пәтерге қосымша өтініштер қабылдауда. Өтінішті 2018 жылдың 04 желтоқсанына дейін беріп үлгеруіңіз керек.

Айта кетсек, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» — тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін жүзеге асырып отырған еліміздегі жалғыз банк. Банк Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясының (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағының мүшесі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жалғыз акционері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі».

Қосымша ақпарат үшін, банктің ақпараттық кеңес бөліміне (8-775-327-07-53) хабарласуыңызға болады.