«Safari Shardara» – өнерліге шабыт берген шара (фото)

139
Шардара ауданы «Аққала» демалыс аймағының жағалауында  алғаш рет «SAFARI SHARDARA» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.
Айтулы шарада өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған көрме ұйымдастырылды.
Фестиваль балық аулаушылар жарысымен басталды. Кейін халықаралық деңгейдегі сайыстарға ұласып, бір сәтте бірнеше спорт түрлерінен жарыс өтті. Атап айтқанда, қазақ күресі, желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гир көтеру, арқан тарту, бөренге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстардан сайыпқырандар бақ сынады. Сондай-ақ, қонақтар Шардара ауданының тарихымен, ауыл шаруашылығы өнімдері және ұлттық қолөнер көрмесімен танысты.
Одан соң шара сахналық көрініспен жалғасып, фестивальдің басталуынан хабар беретін дауылпаздар дабыл қақты. Шардара ауданының өнерпаздары арнайы мерекелік «Safari Shardara» әнін орындады. Кейін Түркістан-Отырар-Шардара бағытында жүріп өткен мотобайкерлер сахна алаңында MOTOKROSS өнерін көрсетіп, жиылған қауымды тамсандырды.

Фестиваль барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызына 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты табыстады.

– Шардара жағалауындағы жарыс өте əсерлі екен. Біздің жаққа да Алтайға мыңдаған туристер келеді. Қазақтың көшпелі өмірі оларға қызық. Мынадай фестиваль жиі өтсе туристер тұрақты келуге тырысады, – дейді 15 жасар бүркітші.

Ол бүгінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұрады. Жуырда ғана Айшолпан Нью-Иоркте «Азияның батыр қызы» деген марапатқа ие болды.Көшпелі өмірдің символына айналған қазақ қызын көру үшін жыл сайын Баян-Өлгейге 2 мың саяхатшы келеді екен.

Сондай-ақ «Safari Shardara» шарасында еліміздің мақтанышы, қол күрес түрінен әлем чемпионы Нұрдәулет Айдарханға жаңа көлік тарту етілді. 

Фестиваль су айдынындағы қайықтардың шоуымен жалғасты. Онда сайысқа қатысқан 15 балықшы қайықпен жағалауға келіп, еліміздің Туын желбіретті. Балықшылардың соңынан байдарка есушілер өнер көрсетті. Кейін «Қазына», «Шамсинур» би топтары және цирк өнерпаздары хореографиялық композиция орындады.