Кентауда баспаналы болатындардың саны артады

94

Кентауда тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Биылдың өзінде 4 жаңа көпқабатты үйдің іргетасы төселіп қабырғасы қаланған. Құрылысқа жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.Отандық өнімдерді қолдану да — басты назарда. Түркістан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары моно қаладағы бірқатар нысандарды аралап, шаруаны саралап көрді.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Кентау қаласы  Жібек жолы көшесінде орын тепкен бес қабатты үйдің құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС–гі қолға алған. Келер жылға өтпелі нысан биылдың өзінде тапсыруға дайын тұр. Қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Бүгінде сылақ жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 424 млн теңгені құрайтын бұл нысан тапсырылса 60 отбасы баспаналы болады.

— Моно қалада дәл осындай үй Шоқан Уалиханов көшесінің бойында да салынып жатыр. 2,3 бөлмелі пәтерлер заманауи үлгіде жабдықталуда. Бұл үй кезекте тұрған баспанаға  мұқтаж жандарға тапсырылады –деп жоспарланған. Облыс орталығынан келген мамандар құрылысқа отандық өнімдер қолданылып жатқандығына көз жеткізді, дейді учаске басшысы Жандарбек Қалдыбеков.

Түркістан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ғазиз Әбдірахмановтың айтуынша, Кентаудағы қызу шаруаны бағамдауға келген мамандар елімізде шығарылатын құрылыс материалдарының тиімділігін алға тартады. Цемент, кірпіш, есік терезе де өзімізде өндіріледі. Ал елімізде шығарылмайтын  кейбір жабдықтарды анықтап, оны жаңадан кәсіп ашамын дегендерге ұсынбақ ниетте.