Созақ ауданында балабақшамен қамту көрсеткіші қуантарлық

61

2020 жылы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін — 100 пайызға жеткізу қажет. Бұл — Елбасы тапсырмасы. Осыған орай Созақ ауданында қос бірдей балабақша салынып, ел игілігіне берілді. Теріскейлік кәсіпкерлер мемлекет жасаған мүмкіндікті мүлт жібермей, «Балапан» бағдарламасын жандандыруға күш салуда.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Жаңа бөбекжайлар аудан орталығы Шолаққорған ауылы мен 1000-ға жуық тұрғыны бар Аққолтық елдімекенінде ашылып отыр. «Айжан» және «Асылжан» деп аталатын мектепке дейінгі білім беру мекемесі алғашқысы 50, екіншісі 75 орынға лайықталған. Бұл мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жемісі.Салтанатты шараға аудан әкімі Салыхан Полатов қатысып,  қос ұжымның жұмысына сәттілік тіледі. Ал, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Балабақшалар мемлекеттік талапқа сай жабдықталған. Мұнда бүлдіршіндердің үш тілде базалық білім алып, шығармашылығын шыңдауға түрлі жағдайлар қарастырылған. Ән, би, сурет салу тәрізді өнердің сан түрінен жаттығатын кабинеттері де бар.  Бүлдіршіндердің зияткерлік қабілетін арттыратын көрнекі құралдар көздің жауын алады.

Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданында балғындарды балабақшамен қамту ісі 90 пайызды құрап отыр. Бұл облыс бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Теріскейде жалпы 43 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істесе, соның 17-сі мемлекеттік, 16-сы жекеменшік. Қалған 10 шағын орталық мектеп жанынан ашылған.