Түркістан: Туризмді дамытуға басымдық берілуде

651

Биылғы 8 айда Түркістан облысына 900 мыңға жуық турист келген, деп хабарлайды Аptanews.kz.

 Түркістан қаласы облыс орталығы болғандықтан, туризм қаланың басты даму бағыттарының бірі саналады.

Түркістанға табаны тиген саяхатшылар алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ағылады. Жеті ғасырлық тарихы бар көне ғимараттың сәулеттік ерекшелігіне сүйсіне қарап, суретке түседі. Яссауи мен Әмір Темір туралы айтылатын аңыз-әңгімелерге елітіп, ерекше әсерге бөленеді. Өркениетті қоғамнан орта ғасырға түсіп кеткендей күй кешеді.

Жалпы, өткен жылы киелі шаһарға 1 млн 193 мың зияратшылар мен саяхатшылар келген. Оның ішінде 35 мыңнан астамы – шетелдік туристер. Ал биыл Түркістан облысына 2 млн-ға жуық турист келеді деп күтілуде. Өткен 8 айдың ішінде 900 мыңға жуық саяхатшы келіпті. Оның 32 мыңы – алыс-жақын шетелден келген туристер.

Биылғы жылдың 8 айында туристердің есебінен облыс бюджетіне 3 млрд 73 млн теңге қаржы түскен. Бұл өңірлік өнім көлемінің 6 пайызын құрайды. Ал 2025 жылға қарай туристерден түсетін табысты 12-14 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар пайда болып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Қала әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысы Гүлжамал Даханованың айтуынша, 2017 жылы туристік салада қызмет көрсететін екі кәсіпкерлік нысандарда 50 жұмыс орны ашылған. Ал, биыл тағы да екі үлкен нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Мұнда 240 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Туризм саласын жүйелеп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін «Яссауи», «Мәңгілік қазақ елі», «Қолөнер шеберлері», «Тарихи-мәдени туристік» орталықтары мен «Rixsos» қонақүй кешені сияқты заманауи үлгідегі жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ қалада жаңа әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал салынады. Ташкент-Түркістан бағытында қатынайтын жүрдек пойыз бен автобус бағытын ашу жоспарланып отыр.