Түркістанда түйе сүтінен дайын ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталды

46

Түркістанда түйе сүтінен дайын ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы толық аяқталды, деп хабарлайды Аptanews.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Жобалық құны – 7.5 млрд теңге. Күніне 100 тона сүт өндіретін кәсіпорында қазір жүз адам еңбек етеді. Оның оны қытайлық маман болса, қалғаны – жергілікті тұрғындар.

Бұл – Орталық Азияда теңдесі жоқ, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын жалғыз зауыт. Түркістан индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорынның құрылысы өткен жылдың қаңтар айында басталған. Биылғы жылдың маусым айында сыртқы құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтарын монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Алып өңдеу кешені толықтай соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы алдын ала өңдеу цехына жеткізіліп, осы жерде толық өңделеді. Биыл ғана оқу бітіріп, жаңа технологияның тілін тез меңгерген Аршын Ғабиден – қазір осы цехтың белді жұмысшысы.

Аршын Ғабиден, алдын ала өңдеу цехының жұмысшысы:

– Бұл цех ең соңғы жаңа технологиямен жабдықталған. Барлық жүйе автоматтандырылған. Цифрлы технологиямен басқарылады. Бұл цехтың негізгі міндеті, сүті қабылдап алғаннан кейін ең алғашқы өңдеу процестері жүреді. Арнайы қондырғымен тазаланып, залалсыздандырылады. Ең соңында таза сүтті келесі цехқа жіберіп, ұнтақ етіп шығаруға дайындаймыз.

Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ шығарады. Мысалы 15 тонна түйе сүтінен 1 тонна дайын ұнтақ алынады. Мәселен, құтыдағы құрғақ ұнтақты суға езіп, шұбат ретінде пайдалана беруге болады. Бір құтының ішіндегі ұнтақтың салмағы – 330 грам. Егер мұны түйе сүтіне айналдыратын болсақ, 3,5 литр дайын шұбатқа айналады. Зауыттан шыққан дайын өнім негізінен Қытайға экспортталады. «Одан кейін Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспорттау жоспарда бар», – дейді зауыт мамандары. Айта кетейік, кәсіпорын – Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Қытай инвесторларының қаржысына салынған зауыт құны – 21 млн доллар, яғни 7,5 млрд теңге. Дайын тауар толықтай экспортқа шығарылатындықтан, өнім сапасына қойылар талап та жоғары.

Жазира Озатқызы, зауыт директорының бірінші орынбасары:

– Біздегі құрал-жабдықтар ең жаңа технологиямен жабдықталған. Бұл жерде адамның қол күші жұмыс істемейді. Тек қана мамандар қадағалап, бақылап, басқарып отырады. Бүгінгі таңда монтаж жұмыстары аяқталып, қазір іске қосылуға дайын тұр.

Зауыт директорының бірінші орынбасары Жазира Озатқызының айтуынша, қазір мұнда 100 адам еңбек етеді. Оның 10-ы қытайлық маман болса, қалған 90-ны – жергілікті тұрғындар. Ал зауытқа қажетті шикізат Түркістан облысындағы шүйе шаруашылықтарынан жеткізіледі. Шұбаттың бір литрін шаруалардан 450 теңгеден сатып алады. Бұл бір жағынан өңірдегі түйе шаруашылығының дамуына серпін берсе, екіншіден ұлттық сусынымыз әлемдік нарыққа шығады. Бүкіл Орта Азия көз тіккен зауыт қазір сынақ мерзімінде жұмыс істеп жатыр. Бұйырса, биылғы жылдың соңында толық іске қосылмақ.