«7-20-25»: Түркістандықтар қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіледі

43

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Оңтүстік филиалы директоры Құдайберген Сейтмамбетовпен кездескен болатын. Жүздесуде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының бағыттарының бірі — кредиттік тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері, қолжетімді баспана жайы сөз болды.
Аталған банктің өңіріміздегі жетекшісі саладағы атқарылған бірқатар жұмыстардың барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Оңтүстік филиалы «Баспана» мекемесімен қол қою шараларын жүргізуде. 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап банк ұжымы Елбасы бекіткен «7-20-25» бағдарламасы бойынша тиісті жұмыстарды іске асыра бастайды.
Сонымен бірге, басқосуда Қ.Сейтмамбетов әкімге облыс тұрғындары үшін өте тиімді де, ыңғайлы алғашқы салымсыз-ақ, баспаналы болуға болатын жобаны үсынды.

Осы жылы «7-20-25» бағдарламасын облыста іске асыру мақсатында, Түркістан қаласында жеке салушы және «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы арқылы 6 көпқабатты тұрғын үйдің (288 пәтер, 15,6 мың ш.м.) құрылысы басталған болатын. Бұл пәтерлерді 2019 жылы пайдалануға тапсыру жоспарланып, барлық үйлерді «7-20-25» бағдарлама арқылы тарату көзделуде.