Елбасы Жолдауы Кентауда жан-жақты түсіндірілді

138

Кентау қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында мәжіліс өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Актив жиналысын ашқан қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев негізгі алты бағыттан тұратын саяси құжаттың мәні мен мағынасына жеке-жеке тоқталып, оның қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүруіне қолайлы, әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталғанын жеткізді.

Қала әкімінің орынбасары Самат Расул байыпты баяндама жасап, жолдауда көрсетілген басым бағыттар бойынша кең көлемде айтып өтті.

Жолдауда халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, барлық азаматтарды өздерінің кәсібіне, мамандығына, біліміне сай лайықты жұмыспен қамтамасыз ету басым бағыттар ретінде белгіленді. Ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейтіп, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырма берілді. Бұл өзгеріс жалақысы төмен азаматтарға нақты қаржылай көмек түрінде әсер ететін болады.

Мемлекет бес жыл ішінде ІЖӨ-нің 10 пайызын білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына жұмсайтын болады. Қазақстан қоғамындағы мұғалімдердің мәртебесін көтеру күн тәртібіндегі мәселе. Бұл бағытта Елбасы бірқатар міндеттер жүктеді. Атап айтар болсақ, «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу. Сол заңның аясында олардың лайықты еңбек ақыларын алуына жағдай жасау ісі қаралмақ.

Ал келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы жастарға ерекше жігер сыйлады, әрі бұл бастама тарихта қалар маңызды қадам болып отыр және де мұны уақыттың өзі талап етуде. Аталған бағдарлама жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды тұғырнамасы қалыптастырылатын болады. Өйткені елді ертең ілгері әкетер басқарушылар мен отаншыл ұрпақты даярлау қазірден басталуы керек.

Бүгінде қала аумағында 46 763 жас бар. Олардың ішінде кәсіпкер, ұстаз, дәрігер, инженер және өзге де мамандықты меңгерген, әлі де жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде білім алушылар бар. Әрбір салада жастарға арналған жаңа бастамалар, әсіресе әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған оңды істер орын алуы тиіс.

Мемлекет басшысының саяси құжатындағы міндеттерді насихаттауда мінберге бірқатар азаматтар шығып, өз ойларын ортаға салды. Атап айтар болсақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исахан Жұмабаев, «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағынбек Асылбеков,  Жастар орталығының директоры Қанат Бекметов жолдау жүктеген міндеттерді жан жақты талдап айтып берді.

Актив соңында қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, атқарылуы тиіс мәселелерді айтып өтті. Сонымен бірге, Жолдауда көрсетілген алты бағытқа арнайы тоқталып өтіп, сала мамандары бұл бағыттар бойынша нақты шараларды қабылдап, жұмыс жасауы қажеттігін тапсырды.