Түркістан: Шымкент қаласының студенттері «Әзірет Сұлтан» музейінің тарихымен танысты

412

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Шымкент қаласынан Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі студенттерінен құралған топ облыс орталығы Түркістан қаласына келді, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Киелi мекен Түркістан өңiрiне жасаған саяхат барысында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейiнiң құнды жәдiгерлерiмен танысып, тарихи орындарды аралады. Әрбір тарихи атаулар мен мұралар жөнінде мекеме қызметкерлері де егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, студенттердің сауалдарына жауап берді.

Айта кетсек, Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Сайрам деген жерде туған Ахмет Ясауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады.