Жетісайлық боксшы мексикалық қарсыласын 57 секундта нокаутқа түсірді

11212

Бокстан жастар арасында әлем чемпионы атанған Садриддин Ахмедов (3-0, 3 КО) кәсіпқой бокстағы төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі prosports.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Орта салмақта жұдырықтасатын 20 жастағы отандасымыз кезекті жекпе-жегін Монреальда (Канада) өткізді. Оның қарсыласы мексикалық Хавьер Хесус Мендоса (7-5-1, 6 КО) болды.

Алты раундқа есептелген жекпе-жектің 57-ші секундында Ахмедов техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша Садриддин кәсіпқой бокстағы төрт жекпе-жегін де нокаутпен аяқтап отыр, ал Мендоса карьерасында алтыншы мәрте жеңіліске ұшырады.

Айта кетсек, Садриддин Ахмедов – қазақ боксындағы ең жас есімдердің бірі. 2016 жылы Санкт-Петербургте жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, 69 келіде чемпион атанған жас талант. Жастар арасында Қазақстанның 4 дүркін чемпионы.

Ол 1998 жылдың 31 қаңтарында қазіргі Түркістан облысы Жетісай қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. 7 жасында отбасымен Астана қаласына көшіп келген. Бокстың қыр-сырын меңгеруді, әліппесін оқуды да осы елордада бастаған.

– Үйде 5 ағайындымыз. 3 әпкем бар, барлығы қазір тұрмыста. Және бір қарындасым бар. Төрт қыздың арасында өскен жалғыз ұлмын. 7 жасымда отбасыммен Астана қаласына көшіп келдік. Ұлтыма келер болсам, менің әкем де, анам да – Қазақ. Жанкүйерлеріме, жалпы қазақ еліне өзімнің «қазақ» екенімді айтқым келеді. Егер есіміме байланысты айтып жатса, Садриддин деп атымды әкемнің туған қарындасы қойған. Құраннан алынған есім. Қазақшаға аударғанда – «Ислам дінінің мақтанышы» деген мағынаны білдіреді, – деп сұхбат берген еді боксшы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне.

– Кәсіпқой боксты көп қараймын, бірақ дәл мына боксшы сияқты болғым келеді, ұқсағым деп ешкімді айта алмаймын. Кумирім де жоқ. Ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ерекше стилі бар атақты боксшы болғым келеді, – деген болатын боксшы БАҚ-қа берген сұхбатында.

Монреальда тағы бір қазақстандық боксшы Абылайхан Хусаинов (9-0, 6 КО) шаршы алаңға шықты. Ол екінші раундта мексикалық Хесуса Лагунуды (22-12, 19 КО) нокаутқа жіберді.