Шардара: Гир көтеруден тұңғыш рет әлем чемпионы шықты

118

Латвия Республикасының Даугаваплис қаласында өткен гір көтеру спортынан әлем чемпионатында шардаралық спортшылар Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дәлірек айтатын болсақ, әуесқой жастар арасында өтіп жатқан чемпионатта 63 келі салмақта өнер көрсеткен Әуесбек Медет үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске жетті. Чемпиондық тұғырға көтеріліп, еліміздің әнұранын шырқатқан Медеттің бұл жеңісі біздер үшін баға жетпес жетістік! Медеттің жеңісті жолын жалғастырған тағы бір шардаралық спортшы – Бақдәулет Шынтанов ІІ орынды бағындырып, қоржынға күміс жүлде салды. Алтынға парапар бұл күміс жүлде де біздің абыройымызды асқақтатып отыр. Ертең Қазақстан құрамасының сапында тағы бір талантты спортшымыз өнер көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының чемпионатында тамаша жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Нұрболат Ергеш ендігі жерден әлем чемпионатының алтынынан үміткер. Мұхан Әбдіраханов сынды білікті бапкерден тәлім алатын осынау спортшылар Шардараның ғана емес, күллі қазақ елінің мақтаныштарына айналып отыр. Шардара жерінен тұңғыш мәрте ашылып, биылғы жазда жұмысын бастаған облыстық №4 ОРМБЖСМ-де жаттығатын спортшылар осылайша аз ғана уақыт ішінде әлемдік деңгейде чемпиондық атақты иленіп жатыр. Арман Қарсыбаев сынды даңқты спортшы басшылық жасайтын облыстық спорт мектебінен алдағы уақытта әлем және олимпиада чемпиондары шыға береді деп сенеміз. Барша шардаралық жанкүйерлерге шағалалы өңірден шыққан гир көтеруден тұңғыш әлем чемпионы құтты болсын демекпіз!