Жансейіт Түймебаев Шерxан Мұртазаұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделxатын жолдады

57

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шерxан Мұртазаұлының қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделxатын жолдады, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеделхатта былай делінген:
Қазақстан халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаұлының дүниеден өтуі туралы қайғылы хабар қабырғамды қайыстырып отыр.
Бүкіл саналы ғұмырында абыройлы еңбек етіп, еліміздің қоғамдық өмірі, мәдениеті мен журналистика саласының дамуына айрықша өз үлесін қосқан, ардақты азамат өзінің артына өшпес мұрасы мен ізгі бейнесін қалдырды.
Шығармашылықтың шарықтау шыңына көтеріле білген ағамыз Шерхан Мұртазаұлының «Ай мен Айша» романы, «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Мылтықсыз майдан», «41-жылғы келіншек», «Ахметжанның анты» повестері мен «Интернат наны» атты әңгімелер жинақтары жарық көріп, қазақ әдебиетінде өз бағасын алды. Шерағаңның «Қызыл жебе» романы тұтас дәуірді суреттеп қана қоймай, ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловтың болмысын ашты. Сол арқылы өзіне үлкен абырой мен оқырманның сүйіспеншілігін ала білді. Қаламгердің қаламынан шыққан «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» сынды және өзге де құнды дүниелер театр сахналарында қойылып, драматургия саласында да бақ-жұлдызы жанды.
Қазақстан халық жазушысы, қоғам қайраткері 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, әр жылдарда тілшіліктен бастап, Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің және Парламенті Мәжілісінің депутаты сынды қызметтерді абыроймен атқарды.
Шерхан ағамыз бірнеше басылым мен телеарнаға басшылық жасады. Сол жылдары ол қазақтың мүддесін қорғап, батыл бастамалар мен өткір мақалалар жариялады. Қайда жүрсе де, ұлт мүддесін биік қойды. Шәкірт тәрбиелей білді. Бүгінде қазақ публицистикасы мен журналистикасында «Шерағаңның шекпенінен шыққандар» деген жұлдызды шоғыр бар. Олар елге адал қызмет етіп жатыр.
Тектілік пен кісіліктің керемет үлгісі болған Шерхандай ағамыздың қадір-қасиетінің айрықша екендігін жан жүрегіммен түсінемін. Ағамыздың мұраттас шәкірті әрі шынайы оқырманымын деп нық сеніммен айта аламын. Себебі, Шерағаңның намысты қамшылайтын мақалалары мен сүбелі дүниелерін оқыған адам ол кісіні ұстаз тұтады. Жігерін жанып, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Ұлтына деген сүйсіпеншілігі артады.
Отбасыларыңыз бен туған-туыстарыңызға қайғырып көңіл айтамын. Алла артында қалған ұрпағын аман және берекелі етсін. Алдағы уақытта әулеттеріңізге тек жақсылық келсін.
Жансейіт Түймебаев,
Түркістан облысының әкімі.