Түркістан облысында жаңадан құрылған аудандардың әкімдері тағайындалды

1363
Бүгін Түркістан обылысында жаңадан құрылған аудандарға әкімдер тағайындалды, деп хабарлайды Аptanews.kz өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен жаңадан құрылған Жетісай ауданының әкімі болып Жамантай Қанайұлы Бейсенбаев тағайындалды.
«Сіздерді жаңа Жетісай ауданының құрылғанымен құттықтаймын. Енді тың қарқынмен мемлекеттік бағдарламаларды сапалы түрде жүзеге асыруға жұмыс істеулеріңіз керек. Аудан әкіміне жүктелер ең басты үш тапсырма бар. Олар: саяси тұрақтылықты сақтау, аудан тұрғындарының бірлігін нығайту және экономикалық тұрақтылықты сақтай отырып өсімге қол жеткізу. Осы шаруалар сапалы орындалса, бәрі жақсы болады. Шекара маңында орналасқандықтан Жетісайдың стратегиялық маңызы өте жоғары. Даму мүмкіндігі де мол. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жүйелеп дамытып, кәсіппен шұғылданамын деушілерге қолдау көрсетілсін. Атқарылатын шаруа өте көп. Іске сәт!», — деді аймақ басшысы.
Ж.Қ.Бейсенбаев 1958 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі ғалым агроном, заңгер. Еңбек жолын 1982 жылы Алматы облысы Қаскелен ауданы «Пригородный» кеңшарының аға агрономы ретінде бастаған.
1984-2018 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Жетісай аудандық комитетінің хатшысы, «Красная звезда» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Мақтаарал ауданы ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласының әкімі, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.
2018 жылдың сәуір айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының әкімі лауазымында қызмет етіп келді.
Сондай-ақ бүгін Түркістан облысының Келес ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен бұл қызметке Ақментай Есбаев кірісті.
Жаңа әкімді жаңадан құрылған аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, қызмет барысында Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.
«Міне, 21 жылдан кейін Келес ауданы құрылып отыр. Бұл — қуанышты жағдай. Енді ауданда жаңа бөлімдер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен түрлі мекемелер ашылады. Әлеуметтік нысандар салынады. Жұмыс орындары көбейеді. Жаңа ауданның әкіміне жүктелер міндет көп. Ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлікті өркендетуге күш салу керек. Алдағы бір ай ішінде Келес ауданының даму тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Білім, бала тәрбиесі мәселелеріне де баса мән берілсін. Ең бастысы, ел бірлігін сақтап, Елбасы саясатын жүзеге асырып, елдің әл-ауқатын көтеруге аянбай жұмыс істеуіңіз қажет. Ал, ол үшін осындағы ел ағалары, ақсақалдар әкімге қолдау көрсетіп, ынтымақты жоғары орынға қойғаны абзал. Келес — шекара маңында орналасқан стратегиялық маңызы бар аудан. Сондықтан, ауданды көтеруге бәріміз үлес қосайық. Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы құрылды. Осындай тарихи сәтте Келес ауданының енші алуы да айтулы оқиға деп білемін. Мемлекетіміз қуатты болу үшін әр ауыл, әр аудан, әр облыста жұмыстар атқарылып, бірлікпен алға қадам басуымыз керек», — деді Ж.Түймебаев.
Айта кетейік, Ақментай Үсенұлы Есбаев 1972 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі экономист.
Еңбек жолын 1989 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы В.Ленин атындағы мектепте өндірістік бригаданың жұмысшысы болып бастаған.
1989-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Ғ.Мұратбаев совхозының кәсіподақ комитетінде есепші, аудандық қаржы бөлімінің жергілікті бюджет бөлімінің басшысы, ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі, ауданның экономика және қаржы бөлімінің бюджеттік және мониторинг секторының меңгерушісі, ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.
2014 жылдың тамыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етіп келді.

Сонымен қатар, бүгін Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына жаңа басшы тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен, сонымен бірге меритократия қағидаты аясында Мақтааралдың әкімі қызметін Бахыт Нәсірханұлы Асанов өз міндетіне алды.

Жиында бірінші басшыны аудан активіне таныстырған аймақ басшысы мақталы өлкеде алдағы уақытта атқарылар істің көптігіне тоқталып, шекаралық аудандағы бірқатар мәселелер бұдан былай тезірек шешімін табатынына сенім білдірді. 

«Жаңадан Мақтаарал ауданының құрылғанына ел риза. Енді елге қызмет көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешу жеңілдейді. Тұрғындар құжат реттеу үшін алысқа шабылмайды. Тағы айта кетерлік жай, сіздер жаңадан құрылған Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының тұрғынысыздар. Бұл да үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Елбасы Түркістан облысына баса мән беріп отыр. Түркістан Түркі әлемінің көшбасшысына айналуы үшін сіздер де үлес қосуларыңыз керек. Көрші елмен шектесетін ауданға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі. Жаңа әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, ел сенімін ақтайды деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», — деді Ж.Түймебаев.

Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Жамантай Бейсенбаевқа алғысын білдіріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.

Б.Н.Асанов 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-құрылысшы.

Еңбек жолын 1984 жылы ЖМК «Жетісай ауыл құрылыс» трестінің нормалаушысы ретінде бастаған.

1986-2011 жылдары Ленин атындағы кеңшардың газдандыру жөніндегі жұмыстарды техникалық қадағалаушысы, Ленин атындағы кеңшардың құрылыс бөлімінің шебері, «Көксу» кеңшарының аға прорабы, «Жібек жолы» сауда базасы директорының орынбасары, Республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры директорының орынбасары, Алматы қалалық жастар кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі қордың Фрунзе аудандық филиалы директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясының инспекторы, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы Жылы су селолық округінің әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.

2011 жылдың шілде айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.