Шардарада желкенді қайық спорты қарқынды дамуда

781

Қазіргі таңда Шардара ауданында 50 жасөспірім желкенді қайық спортымен шұғылданып жүр, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Шағалалы өңірде биыл желкенді қайық спорты бөлімі іске қосылғаны белгілі. Бұл спорт түрі сонау 1979 жылы ашылып, Кеңес өкіметі тараған кезге дейін жұмыс істеген.

2018 жылдың көктемінде қайтадан өз жұмысын бастаған желкенді қайық спорты аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағынан ашылды. Мұнда екі маман жұмыс істеп, мектеп жасындағы жасөспірімдерді спорттың осы түрімен жаттықтырады.  Аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абай Сәкиев болашақта бұл жерден чемпиондардың көптеп шығатынына сенім білдіріп отыр.

– Желкенді қайық спортының Шардарада қайта жандана бастағанына қуаныштымыз. Бұған аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың өзі ерекше ықпал етіп, ұйытқы болды. Қазір мұнда облыстық жарыстар жиі өтіп жүр. Бұл дегеніңіз, Шардарадағы осы спорттың дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Су спортынан облысымыздағы білікті бапкер Денис Жарменовпен ақылдаса келе келесі жылы көктемде ел чемпионатын осы Шардарада өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні 50 жасөспірім желкенді қайық спортымен шұғылданып, тәп-тәуір меңгеріп қалды.  Жастардың қызығушылығы жоғары. Спорт базамызда қазір 8 қайығымыз бар. 4-5 сыныптан бастап қабылдап жатырмыз. Жаттығу тегін. Шәкірттеріміздің аяқ алысы жаман емес. Таяуда Қапшағайда өткен жарыста жүлделі орыннан көрінді. Жалпы бұл спорт түрінен облысымызда 6 бапкер бар, соның 2-уі осында жұмыс істеуде, – дейді бізбен әңгімесінде спорт мектебінің директоры Абай Сәкиев.

Осы ретте аудан спорты туралы да мағлұмат бере кетсек, қазіргі таңда ауданда 4 спорт мектебі бар. Биыл 1 маусымнан бастап облыстық №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі өз жұмысын бастады. Ауыр атлетика, гир көтеру, қол күресі, қазақ күресі, таэквондо спорттары бойынша жаңадан ашылған бұл мектепті белгілі спортшы Арман Қарсыбаев басқарып отыр. Бұған дейін армрестлинг спортынан 30-ға тарта әлем чемпионын дайындап шығарған білікті маман ендігі уақытта спорттың басқа да түрлерінен жарық жұлдыздарды тәрбиелеп шығармақ.