«ON START» – жастар жаппай қызығатын спорттық фестиваль

317

Төлеби ауданындағы Біркөлік шатқалында 20-22 маусым күндері аралығында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «ON START» спорттық фестивалі өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі.

Фото: А. Әссанди

Үш күндік мерекеде 14-28 жас аралығындағы қатысушылар волейбол мен футболдан бақ сынасты. Спорттық додаға өңіріміздегі барлық аудан-қалалардан 300-ге жуық жас қатысты.

Футболдан ерлер арасындағы сайысқа 15 команда, волейболға 12 қыздар тобы келіпті. Сөз жоқ, сайыстардың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Жарыс нəтижесінде волейболдан Шымкент қаласының қыздар құрамасы чемпион болды (400 мың тг.). Олар шешуші сында Түлкібас құрамасының аруларына басымдық танытты. Ал І орын Түлкібас, ІІ орын Бəйдібек, ІІІ орын Сарыағаш құрамаларына бұйырды.

Ерлер арасындағы теңбіл доп бәсекесінде бас жүлдені Шардараның шымыр жігіттері еншіледі (300 мың тг.). Ала доп аламанында І орынды Мақтарал, ІІ орынды Түлкібас, ІІІ орынды Созақ құрамалары олжалап, мықтылықтарын байқатты.

Салтанатты марапаттау шарасында облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова жастарға ізгі ниетін білдіріп, бұл спорттық шараның достықты, бірлікті, әріптестікті нығайтуда елеулі рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ шарада «Жастар ресурстық орталығының» директоры Береке Дүйсебеков жеңімпаздар мен жүлдегер болған барлық командаларға, үздік ойыншыларға қомақты қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыстады. Жастардың жанын жадыратқан спорттық шараның соңы мерекелік концертпен түйінделді.