«Ontustik fashion week» – Облыстық жас дизайнерлер байқауының жеңімпаздары марапатталды (фото)

280

Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Шымкентте облыстық «Жастар Ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жас дизайнерлердің облыстық «Ontustik fashion week» байқауы өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетерлігі, мұндай шара биыл алғаш рет өтіп отыр. Облыстық «Жастар Ресурстық орталығының» директоры Береке Дүйсебековтың айтуынша, талғампаз тұтынушылардың ойынан шығып, сән әлеміне қазақстандық жас дизайнерлердің жаңа стилін ендіру, заманауи мәдениетті «Рухани жаңғыру» құндылықтарымен үйлестіру шараның басты мақсаты еді. Жас дизайнерлердің жаңа идеяларын өндірістік ортада насихаттап, оларға өз қызметін ұсынып, жаңа тапсырыстар алудың мүмкіндігіне ие болды.

Аталмыш байқауға 4 стиль бойынша 25 жас дизайнерлердің топтамалары арасында 150 ге жуық киім көрсетілді. Халық мұрасы мен бүгінгі киім үлгілерінің арасын жалғаған өнерлі жастарға әділ қазы алқалары оң бағасын беріп, 2 млн. теңгелік жүлде қорын үздіктерге табыстады.

ЭТНО СТИСЬ бағыты бойынша бас жүлдені Ғазиза Мұратбаева мен Айдана Мергенбаева ерлерге және әйелдерге арналған «НҰРЛЫ ТАУ» киім топтамасымен жеңіске жетті.

ГЛАМУР және КЭЖУАЛ стилі бойынша 4 курс студенті Эльмира Азиева «ДАЛА САЗЫ» киімдер топтамасымен ерекше көзге түсіп, бас жүлдені иеленді.

ПРЕТ-A-ПОРТЕ стиліндегі «НАЗ КЕРІМ» топтамасының афторы, дизайнер Әділ Абишевке, қазылар алқасының шешімімен осы стиль бойынша бас жүлде берілді.

Ал қосалқы бөлшектер саналатын АКСЕССУАРЛАР топтамалары бойынша 100% қой жүнінен (меренос) сөмке жасайтын «KZ ӨНЕР» компаниясының дизайнері Ахаш Арай бас жүлде иеленді.